Президенттің баспасөз хатшысы тазыны дамытуға қатысты жұмыстарға тоқталды
Бүгін Қазақстан тұңғыш рет Қазақ тазысы мен төбеті күнін тойлап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров еске салып, тарихи мұрамызды халықаралық деңгейде дамыту үшін қандай жұмыс атқарылғанын еске салды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекіді», - деп жазған Смадияров.
Оның айтуынша, бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындар алып жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылар қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
«Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі, бойында адалдық, ептілік пен тектілік қасиеттері ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады. Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған. Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам», - дейді Смадияров.