Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты салынып жатыр
Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған оңалту орталығы салынып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Өңірдің әкімдігі келтірген дерек бойынша Бозарық шағынауданында І-ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы салынып жатыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жүзеге асырылуда.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы желтоқсан айында басталған. Жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайтын кешен бес блоктан тұрады. Орталықта азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жоспарланған.
Сонымен қатар жобада спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, асхана және екі қабатты стационар қарастырылған.
Әкімдіктің сөзінше, бүгінгі уақытта құрылыстың басым бөлігі аяқталған және жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
«Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталып тұр. Барлық жұмыс тиісті талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар нысан құрылысында 262 жұмысшы еңбек етеді. Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама Шымкенттің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мегаполис ретіндегі әлеуетін арттырып, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қамқор орта қалыптастыруға серпін береді», деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімдігі.
Шымкент қаласында бастау алған бұл қызметтер осы санаттағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік қолдауды жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған.