«Үй 9 жыл бұрын техникалық байқаудан өткен»: Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта тың мәлімет айтылды

Автор: Махан Миражан

Сотта Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының Техникалық бөлім басшысы Ербол Ахметов куәлік етті

скрин

Астана қаласында фельшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта тұрғын үйді тергеп-тексеру жұмысына қатысты мәселе айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .

Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының Техникалық бөлім басшысы Ербол Ахметов куәлік етті. Ол бұл қызметке екі ай бұрын ғана келгенін атап өтті.

Фельшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан Тәуелсіздік 24Б мекенжайындағы тұрғын үй 2017 жылы техникалық бақылау жұмысынан өткен. Ербол Ахметовтің сөзінше, қайғылы жағдайға дейін тұрғын үйдің адамдарынан техникалық мәселерге қатысты шағым түспеген.  

«Тұрғын үй басқармасы нысандарды күнделкті бақылауға міндетті емес. Яғни жоспарлы түрде және тұрғындардың өтініші бойынша жоспарсыз бақылау жұмысын жүргізе алады. Жоспарлы түрдегі бақылау жұмысы реттілік бойынша жүрмейді. Ал тұрғын үйлерге капиталды жөндеу жұмысын Мүлік иелерінің бірлестігі мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы міндетті», - деп атап өтті ол сотта.  

Айтуынша, барлық техникалық бақылау жұмысы тек тұрғындардың өтінішімен қаралады.

«Тәуелсіздік, 24Б мекенжайындағы нысан 2017 жылы техникалық бақылаудан өтті. Нәтижесінде 31 пайыз деп бағаланып, яғни қанағаттанарлық санатына жатқызылды. Сол үйде тұратын тұрғындарға бұл бойынша ұсынымдық сипаттағы хаттар берілді. Олар осы арқылы тұрғын үйдің жағдайынан хабардар болды», - деді Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының Техникалық бөлім басшысы.

Ербол Ахметов қаладағы тұрғын үйлердің визуалды апаттылығын аудан әкімдері белгілеп, арнайы тізім құратынын айта кетті. Кейін ол құрылған тізім бойынша Тұрғын үй басқармасы жұмысқа кіріседі.

«Тұрғын үйлерді техникалық тексеру жұмысы мемлекеттік сатып алу арқылы өтетін конкурстан жеңіп шыққан компания өткізеді және жауапты болады. Техникалық бақылау барысында тұрғын үй 61 пайыздан жоғары нәтиже көрсетсе, онда ол үй апатты деп танылады», - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бұған дейін сотта осы үйдің тұрғыны куәлік етіп, ғимараттың сол жақ қасбеті әлі де қауіпті екенін және жарықтар мен сызаттар пайда болғанын айтты.