«Арада 33 жыл жатыр»: Арқалық әуежайы жемқорлар жымқырған ақшаға салынған болып шықты

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Бас көлік прокуратурасынан мәлім етті

Фото: Көлік министрлігі

Жуырда Арқалықтың жаңа әуежайы ашылып, торғайлықтар 33 жылдан кейін туған өлкесінен Астанаға ұшып келуге мүмкіндік алған еді. Бүгін Бас көлік прокуратурасы бұл әуежай жемқорлар жымқырған ақшаға салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, Бас көлік прокуратурасы елге қайтқан активтің көп бөлігі Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталды деп отыр. Прокуратура Қазақстанға жалпы сомасы 1 трлн теңгені қайтарған.

«Соның ішінде 40 миллиард теңгеден астам ақша көлік саласына бөлінді. Бұл сомаға 6 ірі жоба салынады, оның үшеуі аяқталды», - деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.

Салынып біткен үш құрылыстың бірі – Павлодар әуежайы. Әуежайдың жағдайы ұзақ уақыт бойы өңірдің әуе қатынасын шектеп келген. Арнаулы мемлекеттік қордың ақшасына әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңғырған.

Сондай-ақ Арқалық әуежайы да жемқорлар жымқырған ақшаға салынғаны белгілі болды.

«30 жылдан астам уақыт бойы қала мен маңайдағы аудандардың тұрғындары тұрақты әуе қатынасына қол жеткізе алмаған. Қайтарылған актив есебінен әуежайдың жаңа терминалы мен ұшу-қону жолағы салынды. Әуежай биыл 22 тамызда ашылды», - деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.