«Біздің кінәміз емес»: «Алматы кітап» баспасы теріс қапталған оқулыққа қатысты түсініктеме берді

Автор: Махан Миражан

Оқиға Алматы қаласында болған

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Жаңа оқу жылы басталмай жатып Қазақстанда оқулыққа қатысты мәселе туындады. Бүгін әлеуметтік желіге видео жүктеген ата-ана теріс қапталған кітапты көрсеткен болатын: видеодағы кітап «Алматы кітап» баспасынан шыққан 4 сыныпқа арналған Әдебиеттік оқу кітабының бірінші бөлімі екенін аңғаруға болады. Бұл мәселеге қатысты Azattyq Rýhy редакциясы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз орталығымен байланысып, оқиғаның мән-жайын сұрады.

Аталған видеоны журналист Гүлмира Әбіқай желідегі өз парақшасына жүктеп, баспа жұмысын сынаған еді. Кейін ол әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты сұрақ шешімін тапқанын мәлімдеді. Оқу-ағарту министрлігі редакциямыздың сауалына жауап ретінде журналист Гүлмира Әбіқайдың желідегі видеосін жіберді.

«Теріс кітапқа қатысты жазба министрлікке жетіп, бір сағатта мәселе шешімін тапты. «Алматы кітап» баспасының президенті Гауһар Саймасаевамен сөйлестім, ол техникалық ақау кеткенін және видео авторына хабарласып, оған су жаңа 4 кітапты сыйлайтынын айтқан», - деген журналист Гүлмира Әбіқай «Алматы кітап» баспасы өкілінің комментарийін ұсынған. 

Баспа өкілінің айтуынша, бұл «Алматы кітаптың» қатесі емес, типографияның қатесі.

«Алдымен оқулықты қай жерден алғанын анықтау керек. Көшірме кітаптар өте көп. Баспа барлығын қадағалай алмайды. Министрлік тарапынан да солай. Ресми дүкендерден мұндай өнімдер сирек шығады. Шыққан күннің өзінде ол типографиялық қателік. Оқулықтар толық жабық қаптамамен келіп, сол күйі ашылмай мектептерге, дүкендерге жеткізіледі. Осындай өнімдерге жолықсаңыз, бірден хабарласыңыз, ауыстырып береміз. Ал ресми дүкендерден алынбаған контрафакт өнім үшін біз жауап бере алмаймыз», - деп жазды «Алматы кітап» баспасы.