Биыл 380 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа қадам басты
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қазақстандықтарды жаңа оқу жылымен құттықтап, оқушыларға ерекше тілегін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер мен білім жүйесінің алдында «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, елге жанашыр, заң мен тәртіпке бағынатын азамат тәрбиелеу» деген міндет тұрғанын атап өтті.
Министрдің ақпаратына сүйенсек, биыл еліміздегі 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 4 миллионнан астам оқушы білім алады. Ал 380 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Осы ретте министр балаларды жігерлендіретін тілегін айтып, барша оқушыға сәттілік тіледі.
«Қымбатты оқушылар, алдарыңызда жаңа білім, жаңа достар және жаңа мүмкіндіктер тұр. Армандаңыздар, ізденіңіздер, ең бастысы, өздеріңізге сеніңіздер!», – деді ол.
Министр ұстаздар мен ата-аналарға да жылы лебізін білдіріп, жаңа оқу жылында балалардың жетістігі баршаға қуаныш пен мақтаныш әкелсін деген ойын айтты.