«Үлкен адамдардың жасайтын амалы емес»: этнограф құданы ұрып құлатқан «тентек кәде» туралы ойын айтты

Жаңадан құда болған жандардың бір-біріне мұндай әрекет көрсетуі ерсі әрі дарақы дейді Бұлбұл Кәпқызы

«Үлкен адамдардың жасайтын амалы емес»: этнограф құданы ұрып құлатқан «тентек кәде» туралы ойын айтты
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Өздеріңіз білетіндей, жуырда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында тойдың видеосы әлеуметтік желіде көп таралып, талқыға түсті. Құдасынан «тентек кәде» сұраған ер адам таяқ жеп, жарақат алған деген ақпарат тарады. Бірақ кейін істің мән-жайы басқаша екені анықталған. Батыс Қазақстан облысының полициясы видеоға қатысты арыз немесе шағым түспегенін хабарлаған. «Құдалар» болса, «бұл шын төбелес емес, алдын ала дайындалған қойылым» деп ақталды.

Дегенмен, бұл видео қазақстандықтарға «тентек кәде» деген дәстүрдің бар екенін еске салып, қоғамның пікірін екіге жарды. Бірі – бұндай дәстүр бар және ол керек десе, екінші тарап «тентек кәдені» жабайылыққа теңеді.  Azattyq Rýhy редакция тілшісі этнографтан сұхбат алып, дәстүрдің тарихына үңіліп көрген еді.

«Тентек кәде» дегеніміз қандай дәстүр

Бұл - Батыс өңіріне тән тойдағы әзіл-кәделердің бірі ретінде сипатталады. Дәстүрге сай құдалар немесе екі жақтың жастары бір-біріне әзіл айтып, жолын бөгеп, түрлі тапсырма беріп немесе кәде сұрап, қалжыңдасады.

Бүгінгі заманның адамдары «бұл жоралғыны басқа өңірден келген құдаларға алдын ала түсіндіру керек» деген пікірді көп айтқан.

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы болса, «тентек кәде» үлкен адамдардың жасайтын дәстүрі емес дейді. Яғни, оның айтуынша, «тентек» ұғымы қазақы ортада көбіне балаға қатысты айтылып, еркелету, ойын-сауық сипатында қолданылған. Сондықтан орта жастан асқан адамдардың, әсіресе жаңадан құда болған жандардың бір-біріне мұндай әрекет көрсетуі ерсі әрі дарақылыққа ұқсайды.

«Дәстүрдің бәрін сол күйінде жаңғырта беру міндет емес. Өйткені заман өзгерген сайын қоғамның салт-санасы да жаңарып отырады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген қағидаға сүйенсек, бүгінгі қоғамға тәрбиелік мәні мен өнегесі бар дәстүрлерді ғана бейімдеп жеткізу маңызды», - дейді Бұлбұл Кәпқызы.

Ал дәл «тентек» кәдеге» келсек, этнограф «бұл дәстүр қоғам үшін қандай да бір өнеге береді деп айту қиын» дейді. Оның пікірінше, құдалық кезінде екі жақ бір-біріне құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап, өзара ізет пен мәдениеттіліктің үлгісін танытқаны жөн.

Яғни, әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған «тентек кәде» көрінісі де этнографқа ұнамаған. Ол бұл дәстүрді жаңғыртудың орнына, қазіргі қоғамға сәйкес келетін, тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар салттарды жаңғырту қажет деп есептейді.