Астанада 8 ай бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, терезелері шытынай бастаған

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндағы 420 пәтерде мыңнан астам адам тұрады

Фото: ашық дереккөзден

Елордада пайдалануға берілгеніне небәрі 8 ай болған тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, терезелері шытынай бастаған. Көпқабатты үйдегі 420 пәтерде бір мыңнан астам адам тұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандар. Олардың айтуынша, жыл басында тапсырылған тұрғын үйдің әлі күнге электр желісі де, суы да бір жүйеге түспеген.  

«Суды да дұрыстап бермейді. Бірде салқын, бірде ыстық су ағады. Оның үстіне судың, жарықтың есептеуіш құралы да істемейді. Кеше электр желілік компания өкілі келіп, жарықтан ажыратамыз, сіздер 8 ай бойы ақша төлемегенсіздер дейді. Біз оны кімге барып, қайда төлейтінімізді білмейміз, оның үстіне түбіртек те берілмейді», - дейді қала тұрғыны Наталья Бондаренко.

Пәтердің құрылысына жауапты «Қазстройподряд» компаниясының өкілі кемшіліктерді ертеңнен қалдырмай түзететінін, электр жүйесіне қалалық тұрғын үй қоры жауап беретінін айтқан. Ал тұрғын үй қоры өкілі есептеуіш құралдар бар болғанымен, коммуналды мекемелермен пәтер иелері келісім-шарт жасаспаған деп отыр. Қалай болғанда да тұрғындар 8 айдың шығындарын өтеуге міндетті екенін айтты.