Сот барысында қаржы пирамидасының қалай жұмыс істегені әшкере болды
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы «ХАС» деген қаржы пирамидасын құрып, 515 азаматтан 3 млрд теңге жинап алған. Ол Астана мен Павлодарда тұратын таныстарын да қылмыстық іске тартып, қылмыстық топ құрған. Халыққа салған ақшасы аз уақыт ішінде 70% табыспен қайтады деп сендірген ол қалтасына түскен ақшаға шалқып өмір сүрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Сот талқылауында белгілі болғандай, жігіт 2022–2023 жылдары азаматтарды алдап, ақша жинайтын қылмыстық топ ұйымдастырған. Топ Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және өзге де қалалардың тұрғындарынан қаражат тартқан. Қысқа мерзімде жоғары табыс табуға сенген 376 азамат қаржы пирамидасының қатысушыларына 2 млрд теңгеден астам ақша берген.
«Іс бойынша қаржы пирамидасын ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Қылмыстық топтың өзге қатысушыларына да әртүрлі мерзімге және түрлі жаза түрлері тағайындалды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленді. Оның ішінде Астана мен Павлодар қалаларындағы жер учаскелері мен пәтерлер, 18 автокөлік және 300 млн теңгеден астам ақша бар. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп хабарлайды Павлодар облысының прокуратурасы.
Алайда зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау жұмысы мұнымен тоқтамаған. Кейінгі тергеу барысында тағы 139 жәбірленуші анықталып, оларға 882 854 500 теңге көлемінде залал келгені белгілі болды.
Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша тергеу жүріп, қажетті дәлелдер жиналғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданған. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстық схеманы толық әшекере етіп, оның салдарынан азаматтарға келген залалды дәлелдеп шыққан.
Осылайша, прокуратура бас-аяғы 3 млрд теңгесінен айырылған жарты мыңға жуық азаматтың құқығын қорғадық дейді. Қазір бұлардың біразы пирамидаға салған ақшасын қайтарып алған.