Елімізде 7 мыңға жуық бала қант диабетіне шалдығып, бақылауға алынған
Мемлекет басшысы Үкіметке фаст-фуд өнімдерінің агрессивті жарнамасына қатысты мәселені мұқиыт зерделеуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды.
«Тағы бір мәселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы балалар арасында қант диабетіне шалдыққандар санына тоқталды.
«Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ», – деді ол.
Президент бұл мәселенің күрделі екенін айтып, оның медициналық және саяси тұрғыдан пікірталас тудыратын тұстары бар екенін жеткізді.
«Бұл өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.