Діни сауаттылық не үшін маңызды: мамандар азаматтарға нені ескертеді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жергілікті деңгейдегі уәкілетті органдардың жұмысы арқылы да жүзеге асады

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Rýhy

Қоғамдағы діни ахуалдың тұрақтылығы тек заң талаптарының орындалуына емес, азаматтардың сол талаптардың мәнін қаншалықты түсінетініне де байланысты. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер діни мазмұндағы ақпаратты таратудың негізгі арналарының біріне айналған кезде, діни әдебиетті тарату, миссионерлік қызмет, діни бірлестіктердің жұмысы сияқты мәселелерге қатысты құқықтық талаптарды білу өзекті бола түсті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жергілікті деңгейдегі уәкілетті органдардың жұмысы арқылы да жүзеге асады. Өңірлердегі Дін істері жөніндегі басқармалар діни ахуалды зерделеу, ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағыттарында жұмыс жүргізеді. Бұл ретте олардың қызметі тек бақылау немесе талаптардың орындалуын қадағалаумен шектелмейді. Азаматтарға қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру де осы жұмыстың маңызды бөлігі.

Мәселен, діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарату заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл талап дәстүрлі сауда орындарымен қатар, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таратуға қатысты мәселелерді де қамтиды. Сондықтан діни кітаптарды немесе өзге де материалдарды сататын азаматтар мен ұйымдардың оларды тарату тәртібін алдын ала білуі маңызды.

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тағы бір бағыты – миссионерлік қызметті реттеу. Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметті тиісті тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады. Өңірлердегі арнайы басқармалар осы қызметті тіркеу және қайта тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Мұның өзі дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тек шектеу қоюдан тұрмайтынын, заңда көзделген тәртіппен қызмет көрсету тетіктерін де қамтитынын көрсетеді.

Сонымен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмысы тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған. Азаматтарға зайырлылық қағидаттары, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың белгілері және күмәнді ақпараттан сақтану жолдары түсіндіріледі. Ақпарат ағыны күшейген қазіргі кезеңде бұл бағыттың маңызы артып отыр. Себебі әлеуметтік желідегі кез келген діни мазмұндағы ақпараттың шынайылығын ажырату үшін оның дереккөзіне назар аударып, заң талаптарымен салыстыра білу қажет.

Дін саласындағы түсіндіру жұмыстарының мәні мұнымен де шектелмейді. Ол қоғамдағы әртүрлі діни және мәдени көзқарастардың өзара сыйластық жағдайында қатар өмір сүруіне ықпал етеді. Бұл ретте қоғамдық келісім, этносаралық татулық және ортақ азаматтық құндылықтар да назардан тыс қалмайды. Өңірлердегі ішкі саясат органдарының қызметі осы бағытпен сабақтас. Олардың құзыретіне азаматтық қоғаммен жұмыс, ақпараттық саясат және этносаралық қатынастарды дамыту секілді бағыттар кіреді. Ал қоғамдық келісім институттары түрлі әлеуметтік және этностық топтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға атсалысады.

Осы тұрғыдан алғанда, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бірнеше бағыты өзара байланысады. Бір жағынан, діни қызметке қатысты заң талаптары белгіленсе, екінші жағынан, сол талаптарды азаматтарға түсіндіру, діни сауаттылықты арттыру және алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай тәсіл қоғамдағы діни мәселелерді тек құқықтық шектеулер тұрғысынан емес, түсіндіру мен диалог арқылы қарастыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жұмыстың өзектілігі әсіресе ірі мегаполистерде айқын көрінеді. Мәселен, түрлі этнос пен конфессия өкілдері бірге тұратын Алматы сияқты ірі қалаларда діни сауаттылықты арттыру, заң талаптарын түсіндіру және қоғамдық келісімді сақтау бағыттарының өзара сабақтастығы ерекше маңызға ие. Мұнда дін саласына қатысты кез келген мәселе тек белгілі бір әлеуметтік топтың емес, тұтас қалалық ортаның тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарға заң талаптарын түсінікті тілде жеткізу, діни мәселелер бойынша сенімді ақпарат ұсыну және қоғамдағы өзара құрмет мәдениетін нығайту – мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысының маңызды бөлігі. Бұл ретте талап қою мен түсіндіру қатар жүргенде ғана дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мазмұны азаматқа дұрыс әрі толық жетпек.