Облыстағы интернетсіз ауылдарда оқушылар дәстүрлі түрде білім алуы мүмкін
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан облысындағы әлеуметтік осал топтағы балалардың барлығы компьютермен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өңірдегі 910 мектепте 500 мыңға жуық оқушы білім алады. Олардың ішінде 49 261 әлеуметтік осал топ санатындағы, яғни, ерекше білім беруді қажет ететін, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен кедейлік шегінен төмен отбасы балалары. Өңірдегі 838 елді мекеннің 705-де интернет, ұялы байланыс жүйелері бар. Ал, интернетсіз не ұялы байланыс қызметі нашар, 2G деңгейдегі интернеті бар ауылдарда оқушылар дәстүрлі түрде білім алуы мүмкін. Мәселенің шешімі өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты», - деп жазылған хабарламада.
Жаңа оқу жылындағы негізгі басымдық - білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру. Білім алу цифрлық Onlinе-mektep, Daryn-Onlinе платформалар арқылы жүргізіледі және мұғалімдер үй жағдайында тек компьютермен жұмыс істейді.