Елордада жедел жәрдемге COVID-19 бойынша түсетін қоңыраулар саны 10 есе азайды

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада коронавирус жұқтырғандардың 74,1%-ы жазылып шықты

Фото: astana.gov.kz

Елордада жедел жәрдемге COVID-19 бойынша түсетін қоңыраулар саны 10 есе, пневмониямен ауыратындар саны 5 есе азайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалада 11 254 індет жұқтыру жағдайы тіркелсе, олардың 74,1%-ы – 8 340 адам сауығып шыққан.

«Жедел жәрдемге қоңыраулар саны күніне 4300-ден 1500-ге дейін, яғни 3 есе азайды. Сонымен бірге жедел жәрдемге КВИ бойынша түсетін шақыру саны 500-ден 51-ге дейін, яғни 10 есе азайды. Пневмониямен ауыратындар саны 5 есе азайды. Қаладағы коронавирус індетінің азаю динамикасын сақтап қалу үшін, санитария нормаларын қатаң сақтау қажет», – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов.

28 шілдеде психикалық денсаулық орталығының базасында орналасқан қаладағы алғашқы жұқпалы аурулар стационары жабылды. 1 тамызда ҚР Қорғаныс министрлігінің бас клиникалық ауруханасы базасында 100 орындық провизорлық стационар және «Рамада Плаза» қонақүй кешені базасындағы жұқпалы аурулар стационары жабылды.

Бір апта ішінде үш аурухана жоспарлы медициналық көмек көрсете бастады: №1, № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы және №2 көпбейінді аурухана. Сонымен бірге, денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, инфекциялық және провизорлық ауруханалар, қажет болған жағдайда, жеткілікті орындармен ашылуға дайын болады. Резервте қосымша нысандар қарастырылған.