Қызығы, Абай есімі қыз балаларға да қойылған
Қазақстанда Абай есімді 18 763 адам тұрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, бюро ақынның есіміне қатысты қызықты статистикалық деректерді жариялады.
Абай есімді азаматтардың басым бөлігі Астана қаласында – 2 089 адам, Түркістан облысында – 2 018 адам, Алматы қаласында 1 719 адам тұрады.
Статистикаға сүйенсек, Абай есімді ең егде тұрғын 1932 жылы дүниеге келген. Ал бұл есім ең көп таралған жас тобы – 30-34 жастағылар. Олардың саны 3 228 адамды құрайды. Осы жылдың алғашқы алты айында дүниеге келген 157 сәбиге Абай есімі берілген. Қызығы, Абай есімі қыз балаларға да қойылған. Қазақстанда бұл есімді 10 әйел тіркелген.
Ақынның шын аты Ибраһим болғаны белгілі. Қазір елімізде Ибраһим, Ибрагим және Ибрахим есімді 35 404 адам бар.
Сонымен қатар Абайдың құрметіне Қазақстанда 1 облыс, 1 қала, 3 аудан және 26 ауылға ұлы ақынның есімі берілген.