Елордада ТЖД, полиция, прокуратура және әкімдік бірлесіп рейдке шықты
Астанада заңсыз орнатылған шлагбаумдарды, бетон блоктарын, шынжырлар мен төтенше жағдайлар қызметі көліктерінің жүруіне кедергі келтіретін өзге де бөгеттерді анықтауға бағытталған рейдтер басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексерулерді ТЖД, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлері жүргізіп жатыр.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, мамандар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, өрт сөндіру техникасы, жедел жәрдем және полиция көліктерінің жүруіне кедергі келтіретін заңсыз қоршаулардың бар-жоғын тексеруде.
Рейдтерге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратураның, полиция департаментінің және әкімдіктің қызметкерлері қатысып жатыр. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жою шаралары қабылданады.
«Рейдтердің негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының алдын алу, анықталған заңбұзушылықтарды жою, сондай-ақ тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіру», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Өміржан Түкүшев.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар көбіне автотұрақтағы орнын сақтап қалу немесе бөгде көліктердің кіруін шектеу үшін бетон блоктарын, шынжырлар мен шлагбаумдарды орнатады. Алайда төтенше жағдай кезінде мұндай бөгеттер арнайы қызметтердің оқиға орнына дер кезінде жетуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды заңсыз қоршаулар орнатпауға және арнайы техниканың жүруіне бөгет жасамауға шақырды. Өйткені адам өмірін құтқару кезінде әрбір минут аса маңызды.