Бір пәтерді бірнеше адамға сатқан: елордадағы тұрғын үй кешеніне қатысты іс сотқа жолданды

Автор: Алмас Ерсін

Тергеу мәліметінше, құрылыс компаниясының әрекетінен 51 адам мен бір заңды тұлға зардап шегіп, келтірілген шығын 4,5 млрд теңгеден асқан

Фото: © istockphoto.com

Елордадағы Qyran тұрғын үй кешенінде құрылыс салушы компанияның басшылығы бір пәтерді бірнеше адамға сатып келген. Салдарынан келтірілген жалпы шығын 4,5 миллиард теңгеден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Қылмыстық тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 51 жеке тұлға мен бір заңды тұлға жәбірленуші деп танылған. Ал пәтерлерді сатушы ретінде «International Invest Company IIC» ЖШС көрсетілген.

Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, қылмыстық жауапкершілікке төрт адам тартылған.

«Тергеу барысында барлық қаржылық және құқықтық рәсімдердің, яғни келісімшарттарға қол қою мен ақшаны қабылдау компания кеңсесінде айыпталушылардың қатысуымен жүргізілгені дәлелденді», – делінген сюжетте.

Сатып алушылар ақшаны айыпталушылардың жеке есепшоттарына аударған. Алайда бухгалтерлік есепте де, банк жүйесінде де бұл қаражаттың нақты кімнен түскені көрсетілмеген.

Құқық қорғау органдарының пікірінше, осылайша сатушылар салық төлеуден жалтарған. Тергеу мәліметінше, олар екі жыл бойы бір пәтерді бірнеше рет сатып келген.

Нәтижесінде оларға мынадай айыптар тағылып отыр:

  • аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және алаяқтық;
  • өз бетінше билік ету.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, егер сот айыпталушыларды кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал тәркіленген пәтерлердің кейінгі тағдырын сот шешеді.