373 сүт фермасы, миллион тонна өнім: елдегі сүт шаруашылығының бүгінгі ахуалы қандай

Автор: Темірхан Айжан

Сүт өнеркәсібі бірнеше бағытта дамып жатыр

Фото: depositphotos.com

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені соңғы жылдары заманауи бағытқа бейімделіп жатыр. Мұның айқын мысалын Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт шаруашылығы мен өңдеу саласынан көруге болады. Республикадағы басқа өңірлермен салыстырғанда бұл аймақ сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында тұр, ал елдегі жалпы сүт өңдеу қуатының шамамен алтыдан бірі осы жерге тиесілі. Бүгінде Есіл ауданының Корнеевка ауылындағы «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасы бүгінде толықтай заманауи цифрлық форматта жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кәсіпорын директоры Александр Фадеевтің мәліметінше, мұнда 2,5 мыңға жуық сүтті ірі қара мал, оның ішінде 1300-ден астам сауын сиыры бар. Мал басының көпшілігі – голштин-фриз тұқымы, олар Мажарстан, Германия, Дания және Нидерланд елдерінен жеткізілген. Ал биылғы күзде суық климатқа бейімделген, Германиядан әкелінген алғашқы 300 бас мал өсіру мақсатында өзге өндірушілерге сатылмақ.

Сауын процесі толығымен автоматтандырылған: неміс Westfalia компаниясының 40 орындық сауу залы жұмыс істейді, ал табын мен өндірісті басқаруда DairyPlan және CowScout цифрлық жүйелері қолданылады.

Александр Фадеев атап өткендей, заманауи цифрлық жүйелер ферма жұмысының сапасын арттырған.

«Қазіргі фермаларда барлық өндірістік процесс автоматтандырылған. Малдың денсаулығы, белсенділігі, өнімділігі, сауылған сүт көлемі – бәрі цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Мұндай тәсіл адам факторын барынша азайтады және өндірістің тиімділігін де арттырады», – деді ол.

Аталған платформалар сауылған сүт көлемін дәл есептеп қана қоймай, жабдықтың ақаусыз жұмысын және әр малдың денсаулығы мен өнімділігін де қадағалайды. Нәтижесінде өткен жылы ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірсе, биылғы жарты жылда бұл көрсеткіш 3 мың тоннаға жуықтады.

Еліміздегі фермалар жылына 1 млн тонна сүт өндіреді

Солтүстік Қазақстан облысында 118 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі мал шаруашылығының жалпы өнімі 6%-ға өсіп, 208 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте ет өндірісі 82 мың тоннаны, сүт өндірісі 382 мың тоннаны құрады.

Жалпыұлттық ауқымда алсақ, елде жылына шамамен 1 млн тонна сүт өндіретін 373 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жылдық қуаты 600 мың тонна болатын 116 жаңа заманауи ферма салу жоспарланған, олардың 71-і қазірдің өзінде іске қосылды, ал қалған 19-ы осы жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс.

Бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген

Мал шаруашылығы тұрақты дамуы үшін ветеринариялық қауіпсіздікке қатты көңіл бөліну керек. Кейінгі екі жылда республика бойынша шамамен 9,1 млрд теңгеге 600-ге жуық ветеринарлық нысан салынды. Ал биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса құрылысына 1,8 млрд теңге бөлінген.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов саладағы жағдайды қолайлы деп бағалады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірде бруцеллез ауруының таралуы 12 есеге азайған, ал ауру тіркелген елді мекендер саны 7-ге дейін қысқарған. Ол жаңадан салынып жатқан ветеринариялық пунктердің жеке қосалқы шаруашылықтарға да пайдасы тиетінін, өйткені онда ветеринариялық қызметтің толық спектрі көрсетілетінін жеткізді.

Жаңа өнім түрі крем-чиз шығарылады

Шикізат көлемінің артуымен қатар өңдеу қуаттары да кеңейіп келеді. Петропавл қаласындағы «Eurasian Milk» ЖШС зауытының директоры Андрей Гриценконың мәліметінше, өндіріс орны швейцариялық технологиялар негізінде жүргізіледі әрі терең өңделген өнім шығаруға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған. Зауытқа шикізатты аймақтағы фермерлер жеткізеді.

Кәсіпорында жыл сайын 7 мың тоннадан астам қатты және жұмсақ ірімшік, 12 мың тоннадан асатын сары май, шамамен 12 мың тонна қоюлатылған сүт, сондай-ақ 20 мың тоннадан астам сарысу концентраты мен ашытылған сүт өнімдері шығарылады. Барлығы 24 атаулы өнім әзірленеді, олар ел ішінде ғана емес, Ресей, Әзербайжан және Қырғызстан нарықтарында да сатылады. Зауыт 2026 жылдың соңына қарай жаңа өнім түрін  крем-чизді шығара бастайды. Оның жылдық өндіріс көлемі 6 мың тоннадан асады. Дегенмен қазір өндіріс орны жобалық қуатының тең жартысымен ғана жұмыс істеп тұр, яғни өндірісті арттыруға әлі де үлкен резерв бар.  

Отандық сүт өнеркәсібі бірнеше бағытта дамып жатыр: мал басы мен цифрлық басқару жүйелерінен бастап, ветеринариялық қауіпсіздік пен өңдеу қуатына дейін. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, ауылдық аймақтарда тұрақты жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ отандық сүт өнімдерінің әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтуге үлес қосуда. Жаңа фермалардың іске қосылуы мен қолданыстағы өндіріс қуаттарының толық жүктелуі саланың алдағы жылдардағы дамуына негіз болары анық.