«Өте кедей, бірақ ең табысты». Дәурен Абаев «Z» ұрпағына сипаттама берді

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мәжілістегі Үкімет сағатында жастар жылы туралы баяндама жасады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бекітілген жылдың аяқталауына екі ай уақыт қалды. Бірақ, Дәурен Абаев «Жастар жылын тек 12 айға есептелген іс-шаралардың күнтізбелік жоспары деп қарастыруға болмайды» дейді.

«Негізгі іс-шаралар 3 жылға есептелген, ал мемлекеттік қолдаудың ең тиімді шаралары мемлекеттік жастар саясатының онжылдық тұжырымдамасына кіреді», - дейді ол.

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда 3 миллион 800 мың астам жас адам  бар (29 жасқа толмаған). Бұл – Қазақстан халқының 21 проценті.

«Жас өлшемі бойынша 1 миллион 181 мың адам ювеналдық топқа жатады, яғни, 14- 18 жас аралығындағы адамдар. Постювеналды топқа – 19-дан 23 жасқа дейінгі 1 миллион 161 мың азамат жатады. 24-29 жас аралығындағы ересек топтың саны 1 млн 500 адамға жуықтайды», - дейді Дәурен Абаев.

Ол 1981-1995 жыл аралығында туған жастар «Y» тобына, ал 1995 жылдан бері туған жастарды «Z» тобына жатқызды.

«Бұл екі топтың арасындағы құндылықтар әртүрлі, дүниетанымдары да басқа. Қазір біздің әлеуметтік өлшемдер «Z» ұрпағы, яғни, 1995 жылдан кейін туған жастарға қатысты ұғымдармен үйлеседі. 1995 жылдан бері туған жастар  цифрлық қызметтерді көп тұтынады. Олардың еңбекке, ақша мен бос уақытқа қатысты ұстанымдары қалыптасқан дәстүрлі көзқарастардан өзгеше. Мысалы, олар жұмысты көбіне үйде істеуге бейім, олар үшін жұмыс берушінің миссиясы мен құндылықтары үлкен маңызға ие, мұндай жастарымыз мобильді және тұрғылықты жерін жиі өзгертуге әуес. Шетелдік әлеуметтанушылар айтуынша, абсолюттік мәнде бұл өте кедей, бірақ ең табысты ұрпақ. Алдыңғы буынмен салыстырғанда, олардың жылжымайтын мүлкі немесе көлігі жоқ, бірақ ыңғайлы апартаменттерді жалға алып тұруға мүмкіндіктері бар, Uber қосымшасын пайдаланады, ал қаражатын «қысылтаяң кезге» деп кейінге жинаудың орнына, әлемді емін-еркін, ешқандай арнайы туристік жолдамасыз аралауды қалайды», - дейді Дәурен Абаев.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан