Мұғалімдерге тест жауаптарын сататын алаяқтар жайлы ақпарат бергендерге – 50 мың сыйақы
Білім және ғылым министрі қараша айында 70 мыңға жуық мұғалім тестілеуден өтетінін айтқан еді
«Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заң шеңберінде мектепке дейінгі, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының кәсіби өсуі Ұлттық біліктілік тестін тапсырып, аттестаттаудан өту арқылы қарастырылып отыр.
«Ұлттық біліктілік тестін компьютерлік режимде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қараша айында 70 мыңға жуық мұғалім тестілеуден өтеді. Олар өздерінің сұрақтары мен жауаптарын көруге, жіберілген қателіктерді талдап, дәлелдерімен аппеляцияға беруге мүмкіндік алады. Болашақта біз Ұлттық біліктілік тестін толығымен автоматтандыруды жоспарлап отырмыз, басшылықтың араласуын болдырмаймыз, сондықтан, үміткер біліктілік тестін өткізудің орны, күні мен уақытын өз бетінше анықтайды», – деді ҚР Білім және ғылым министрі.
Осыған байланысты Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов мұғалімдерге тест тапсырмалары мен олардың дұрыс жауаптарын сататын алаяқтарға сыйақы жариялады.
«Ұлттық біліктілік тестілеудің тест тапсырмалары мен олардың дұрыс жауаптарының сатылуы туралы кез келген дәйекті ақпарат үшін 50 000 тыңге сыйақы беріледі. Достар, педагог қызметкерлердің тест тапсыруына көмектесуді ұсынатын алаяқтар пайда болды. Тест тапсыруға бөгде адамның көмектесуі мүмкін емес. Сондықтан алаяқтардан сақтанып, мұндай фактілердің орын алуы туралы ақпаратты бізге хабарлауды сұраймын», - деп жазды Дидар Смағұлов Facebook парақшасында.