Атырауда дәрілік заттарды заңсыз жолмен сатқан тұрғын анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тәркіленген дәрі-дәрмек облыстық Денсаулық сақтау басқармасына берілді

Фото: ortcom.kz

Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Атырау қаласы тұрғынының дәрілік заттарды жоғары бағада және арнайы рұқсатсыз сатқанын анықтады.

«Оның іс-әрекетінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабында көзделген «Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу» бойынша құқықбұзушылық белгілері бар. Ресейде өндірілген, ҚР фармацевтикалық бақылауы сертификатын алмаған, жалпы сомасы 244 000 теңгені құрайтын «Плавикс», «Азитромицин», «Ингавирин 90», «Парацетамол», «Тавиник», «Тромбо АСС», «Кардиомагнил» дәрі-дәрмек өнімдері тәркіленіп алынды», - делінген хабарламада.

Бұл факт бойынша материалдар Атырау облысы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберіліп, тәркіленген дәрі-дәрмек облыстық Денсаулық сақтау басқармасына берілді.