$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.07.2020, 11:09
Қоғам

Кеше Нұр-Сұлтандағы стационарлардың бірінен КВИ-ден соңғы науқас жазылып шықты – Көлгінов

3 тамыздан бастап елордада бірқатар емханалар жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастайды

Кеше Нұр-Сұлтандағы стационарлардың бірінен КВИ-ден соңғы науқас жазылып шықты – Көлгінов
Фото: astana.gov.kz

Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты Нұр-Сұлтандағы №1 және 2 көпсалалы қалалық балалар ауруханалары, №2 көпсалалы аурухана жоспарлы медициналық көмек көрсету тәртібіне көшеді. Кеше қаладағы стационарлардың бірінен коронавирустан соңғы науқас жазылып шыққан. Жақын күндері орталық пациенттерін жоспарлы түрде қабылдамақ. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.   

«3 тамыздан бастап барлық калалық емханалар жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастайды. Тамыздың 17-не дейін біртіндеп босап жатқан стационарлар санын қысқарту есебінен (жұқпалы ауруханадан басқа) барлық ауруханалардың толық жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз. Бірақ, инфекциялық және провизорлы стационарлар қажет жағдайда жеткілікті орындармен қайта ашылуға дайын болады және резервте қосымша нысандар да бар», - деді Көлгінов баяндамасында.

Қала басшысының айтуынша, денсаулық сақтау ұйымдарына түсетін салмақ едәуір азайған. Атап айтқанда:

  • жедел жәрдемге жүгіну саны тәулігіне 4300-ден 1600-ге дейін, яғни 3 есеге төмендеді;
  • КВИ бойынша жедел жәрдемге жүгіну 500-ден 89-ға дейін, яғни 6 есеге азайды;
  • жалпы шақырулар саны тәулігіне 3 мыңнан 1000-ға дейін, немесе 3 есеге төмендеді;
  • пневмониямен жатқан азаматтар саны 2 есеге азайды (1348 ден – 633-ға дейін);
  • стационарлардың жүктемесі 99%-дан 38%-ға дейін төмендеді;
  •  егер бұрын тәулігіне ауруханаға 500-ге жуық пациент түсетін болса, қазір 90-ға дейін азайды.  

Қазір қала бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 10 320.

«Жалпы, 7260 адам немесе науқастардың 70%-ы жазылып шықты, ал соңғы бір апта ішінде олардың саны 1563-ті құрады. Яғни, науқастардың шамамен 25%-ы өткен аптада сауықты. 225 азамат індеттен көз жұмды (2 %).  1511 адам стационарларда ем алып жатыр. Ауыр халдегі науқастар саны 54,3%-ға азайды (199-дан 108 адамға дейін)», - деді ол. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары