Зерттеу: жасанды интеллект дәуірінде артта қалмау үшін Қазақстанға АЭС қажет

Автор: Темірхан Айжан

Әлемдегі дата-орталықтар жылына шамамен 500 ТВт/сағ электр қуатын пайдаланады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

BloombergNEF сарапшыларының болжамы бойынша, әлемдік экономика энергия тұтынудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасанды интеллект, дата-орталықтар, электромобильдер және цифрлық өндірістің еселеп өсуінің әсерінен электр энергиясына деген жаһандық сұраныс 2035 жылға қарай 29%-ға, ал 2050 жылға қарай 69%-ға артады. Мұндай өсім еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін жаңа қуат көздерін жедел іске қосу қажеттігін көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

New Energy Outlook 2026 есебіне сүйенсек, қазіргі уақытта әлемдегі дата-орталықтар жылына шамамен 500 ТВт/сағ электр қуатын пайдаланады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге өседі.

Сарапшылар тек күн және жел энергетикасына сеніп отыруға болмайтынын, оның заманауи экономиканы толық қамтамасыз ете алмайтынын ескертеді. Жаңартылатын энергия көздері ауа райына тәуелді, ал өнеркәсіп орындары, цифрлық инфрақұрылым және қалалық жүйелер тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеуі тиіс. Осы себепті әлем елдері тек күн және жел энергетикасымен шектелмей, АЭС құрылысын, жылу станцияларын модернизациялауды және энергия жинақтаушы жүйелерді қатар дамытып жатыр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, қазір әлемде 2500 ГВт-тан астам энергетикалық жоба желіге қосылу кезегінде тұр.

Қазақстан цифрлық сервистер мен жжасанды интеллект технологияларын дамытуды мақсат етіп отыр, бірақ бұл сенімді базалық генерациясыз мүмкін емес. Сондықтан елді ондаған жылдар бойы тұрақты және төмен көміртекті электр қуатымен қамтамасыз етудің негізгі жолы ретінде АЭС құрылысы қарастырылады.

Энергожүйенің маневрлік мүмкіндігін арттырып, қолжетімді бағада қуат беру үшін заманауи көмір станциялары да қажет. Қазақстан 33 млрд тонна көмір қорымен станцияларды ұзақ мерзімді шикізатпен қамтамасыз ете алады.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, қазір Қазақстан үшін «жаңа қуат көздері қажет пе?» деген сұрақ өзектілігін жойған. Оның орнына жасанды интеллект және цифрлық өндірістің өсімі энергожүйені тығырыққа тіремей тұрып, елде АЭС пен жаңа ЖЭО-ларды жылдам салып үлгеру мәселесі алға шықты.