Белгілі адвокат педофилдерді өлім жазасына кесуге қарсы

Автор: Azattyq Rýhy

Құқық қорғаушы тергеу мен соттың кәсібилігіне сенбейді 

Фото: ашық дерек көздерінен

Адвокат Абзал Құспан педофилдерді өлім жазасына кесуге қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Құқық қорғаушы Facebook-парақшасында оның бірнеше себебін атаған.

- ҚР құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді, соның салдарынан жазықсыз адамдардың істі болу қаупі өте жоғары, оған себеп;

а) қылмыстың бәрі айқын (очевидный) сипатқа ие бола бермейді, тиісінше, резонансты істерді қалайда ашу мақсатында ҚҚ органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін. Және оған олар саналы түрде барады. Әдетте, ондай адамдар (құрбан/жертва) не қаржысы, не ықпалды танысы (тірегі), тиісінше сұрауы жоқ қарапайым отбасы мүшелерінен таңдалып алынады. Ал сотымыз алдына келгенді соттай салатынына күмәніңіз болмасын!

ә) қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары. Сот қателігі - жемқорлық пен дилетантизм батпағында қайраңдаған ҚР тұрмақ, небір дамыған елдерде де орын алуда, оған тарихтан мысал жетеді.

б) кәсібиліктің төмендігі/жоқтығы. басқа саланы білмесем де, ҚҚ жүйесінде дилетанттар жетіп артылады! Оның үстіне соңғы кезде заңгер мамандығына кез келген жерде, кез келген ЖОО-да жаппай дайындай беру де бүгіндері өз жемісін беруде...

- байыптылық керек. Жалпы, адам тағдыры таразыға салынар тұста дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды. Құқық ғылымы адамзат тарихындағы ең алғашқы ғылымдар қатарына жатады. Ол одан бері дамыды, жетілді, кемелденді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуде ең бірінші кезекте ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс!

- қылмыс табиғаты. Қылмыс адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын. Азаюы, көбеюі мүмкін, бірақ біржола жойылмайды-ау. Құранда да, Библияда да Адам ата мен Хауа анадан туған ағайынды Әбіл мен Қабыл бір-бірін өлтіреді емес пе?! Сондықтан ату жазасы енгізілсе, қылмыс тоқтап қалады деудің қисыны жоқ.

- қылмыскер табиғаты. Әдетте, қылмыскер қылмыстық кодексті ашып, «мен ұсталып қалсам қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын» деп отырмайды. Барлық қылмыскерге тән ортақ нәрсе – өздерін ешқашан ұстатпайтын Фантомас сезінетіндері. Әйтпесе, қазіргі өзгеріс бойынша ең кемі 10 жыл айрықша (особый) режимге сотталу + кастрацияға ешқайсысы қуана қоймасы анық.

Заңгер педофилия елде көбейіп кетті деген пікірмен әзірге келіспейді, себебі еш жерден нақты дәлел-дәйек көрмеген. Оның ойынша, 21 ғасыр – ақпарат заманы, бұрын естіле бермейтін жаманат хабар, қазір сәуле жылдамдығынан тез таралады.

«Педофил – бірінші кезекте, ауру адам, содан соң ғана қылмыскер! Сондықтан кез келген ауруды емдегендей оны емдеп, содан соң  жазасын беру керек, оның ішіне әрине, кастрация да кіреді.  Гуманизм. Ол жайлы айтпай тұра тұрайын әзірге...», - деп жазды ол.