Алматыда нөсерден кейін көшелерді су басты: коммуналдық қызметтер салдарымен күресіп жатыр (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Қатты жауыннан кейін қалада 26 аумақты су басты. Оның басым бөлігіндегі су тазартылып, жұмыстар екі учаскеде жалғасып жатыр

Фото: instagram.com/almaty_typical

4 шілдеде Алматыда өткен нөсер жаңбыр мен найзағай салдарынан қаланың бірнеше ауданындағы көшелерді, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жолдардың кейбір бөліктерінде су жиналып, көлік қозғалысы қиындады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық туындады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ең мол жауын-шашын сағат 14:00 мен 17:00 аралығында түскен. Ауа райының салдарын жедел жою үшін 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 75 жедел бригада және 425 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Бұдан бөлек, қалалық құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілік атқарды.

Күн ішінде Алматыда барлығы 26 жерде жергілікті су басу дерегі тіркелген. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша оның 24-індегі су толық шығарылып, қалған екі учаскеде жұмыстар жалғасып жатыр.

Синоптиктердің болжамынша, 5 және 6 шілдеде Алматыда жауын-шашынсыз, құрғақ ауа райы сақталады. Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмысын жалғастырып, қажет болған жағдайда қолайсыз ауа райының салдарын жоюға дайын.