Психологиялық қызмет туралы заң қабылданды: енді «өміріңізді түбегейлі өзгертемін» деген жарнамаларға жол берілмейді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Заң аясында психологтарға қойылатын талап күшейіп, жалған мамандарға заңмен тосқауыл қойылмақ

Фото: © freepik.com

Қазақстанда психологиялық қызмет көрсету саласы алғаш рет жеке заңмен реттелмек. Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заңды қабылдап, құжат мемлекет басшысының қол қоюына жолданды. Заң күшіне енсе, психолог қызметіне қойылатын талаптар күшейіп, кәсіби білімі жоқ адамдардың өзін психолог ретінде таныстыруына шектеу қойылады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Заң авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл құжаттың басты мақсаты – психологиялық көмек көрсету саласын жүйелеу, азаматтарды жалған мамандардан қорғау және кәсіби жауапкершілікті арттыру болмақ.

Енді дипломсыз адам өзін психологпын деп атай алмайды

Бүгінде әлеуметтік желілерде өзін психолог, психотерапевт немесе коуч ретінде таныстырып, түрлі ақылы кеңес беретін адамдар аз емес. Олардың бір бөлігінің арнайы психологиялық білімі жоқ, кейбірі қысқа мерзімді курстардан өткен сертификатқа ғана сүйенеді. Жаңа заң осы мәселеге тосқауыл қоюды көздеп отыр.

Енді жоғары психологиялық білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген азаматтарға өзін психолог ретінде таныстыруға заң жүзінде тыйым салынады. Ал реестр кез келген азаматқа ашық болады. Яғни көмек сұраған адамның психологтың кәсіби мәртебесін алдын ала тексеріп алуына мүмкіндігі бар. Ал реестрде жоқ маманның психологиялық қызмет көрсетуіне жол берілмейді.

«Психо-коуч», «психо-кеңесші» атауларын қолдануға да шектеу қойылады

Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық – енді кәсіби білімі жоқ адамдардың «психолог» сөзін жарнамалық мақсатта пайдалануына тыйым салынады. Шектеу тек «психолог» атауына ғана емес, одан туындайтын «психо-коуч», «психо-консультант», «психо-кеңесші» сияқты атауларға да қатысты болады.

Депутаттың айтуынша, бұл бірнеше апталық немесе бірнеше айлық курстардан кейін өзін психолог ретінде таныстырып жүрген адамдардың қызметін шектеуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желідегі жарнамаға талап күшейеді

Қазіргі таңда көп психолог әлеуметтік желілер арқылы қызмет көрсетеді. Жаңа заң қабылданса, олар өздерінің парақшасында мемлекеттік реестрдегі тіркеу нөмірі мен кәсіби білімі туралы ақпаратты ашық көрсетуге міндеттеледі.

Одан бөлек енді «бір күнде мәселеңізді шешемін», «100 пайыз нәтиже беремін», «өміріңізді түбегейлі өзгертемін» деген секілді ғылыми негізі жоқ жарнамаларға жол берілмейді. Жаңа заңға сәкес, мұндай жалған уәде арқылы азаматтарды жаңылыстырған мамандар заң алдында жауап береді.

Күрделі психологиялық мәселелермен тек кәсіби мамандар айналысады

Сенат қабылдаған жаңа заң жобасында психологтың кәсіби құзыреті де нақты айқындалған. Атап айтқанда, депрессия, психологиялық жарақаттар, мазасыздық, күйзеліс және басқа да күрделі психологиялық мәселелер бойынша көмекті тек арнайы даярлығы бар мамандар көрсете алады. Бұл талап азаматтардың сапалы әрі қауіпсіз психологиялық көмек алуына бағытталған. Яғни заң енді психолог пен психиатрдың қызмет аражігін де нақтылайды.

Психолог медициналық диагноз қою, дәрі-дәрмек тағайындау немесе адам психикасына әсер ететін медициналық емдеу әдістерін қолдану сияқты әрекеттер жасай алмайды. Егер қабылдау барысында адамның ауыр психикалық ауытқуы бар екені байқалса, психолог оны психиатр дәрігерге жолдауға міндетті.

Клиенттің құпиясы заңмен қорғалады

Құжаттағы тағы бір маңызды норма – психологқа айтылған жеке ақпараттың құпиялығы туралы.

Енді клиенттің жазбаша келісімінсіз оның жеке өміріне қатысты мәліметтерді жариялауға болмайды. Сондай-ақ психологиялық қабылдау кезінде азаматтарды рұқсатсыз фотоға, видеоға немесе аудиоға түсіруге тыйым салынады. Бұл талап маман мен клиент арасындағы сенімді күшейтуге бағытталған. Адамның жеке шекарасына да қатысты.

Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа заң психологиялық көмекті кәсібилендіруге және осы саладағы жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

«Мемлекет адамның психикалық саулығы – тұрмыстық қызмет емес, үлкен жауапкершілік екенін заңмен бекітті. Міндетіміз – көмек іздеген әр азаматқа қауіпсіз, сауатты әрі кәсіби қызмет көрсетілетін жүйе қалыптастыру», – деді ол.

Жаңа заң күшіне енсе, психологиялық қызмет көрсету саласы алғаш рет нақты құқықтық талаптармен реттеліп, кәсіби мамандар мен өзін психолог ретінде таныстыратын адамдардың ара-жігі заң жүзінде айқындалады. Бұл азаматтардың сапалы психологиялық көмек алуына және саладағы жауапкершіліктің артуына негіз болады.