2021 жылы елімізде 100,5 мың сәби дүниеге келсе, биыл 74 мыңдай ғана бала туған
Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеп келеді. Бұл үрдіс соңғы бірнеше жылдан бері айқын байқалады. Finprom сарапшылары осындай мәлімет жариялады. Мәселен, осы жылдың алғашқы үш айында елде 74,1 мың сәби дүниеге келген. Ал өткен жылдың осы кезеңінде 77,3 мың бала туған еді. Бір жылдың ішінде нәрестелер саны 3,2 мыңға азайған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бір қарағанда бұл үлкен айырмашылық емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда соңғы бес жылдың статистикасына үңілсек, мәселенің ауқымы әлдеқайда кең екенін байқаймыз. Мәселен, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 100,5 мың сәби дүниеге келген. Ал қазір бұл көрсеткіш 74 мыңның төңірегінде. Атап айтқанда, бес жылдың ішінде тоқсан сайын дүниеге келетін балалар саны төрттен біріне жуық қысқарған.
Көпшілік мұны экономикалық жағдаймен байланыстырады. Шынында да, қазіргі жас отбасының алдында баспана, тұрақты жұмыс, балабақша, несие сияқты мәселелер қауғаланып қалған. Бұрын ата-әжесінің көмегімен бес-алты баланы қиналмай өсірсе, бүгінгі жас отбасы бір немесе екі баланың өзін жан-жақты қамтамасыз етуді ойлайтындай. Алайда мәселені тек экономикамен түсіндіру жеткіліксіз.
Соңғы жылдары қазақстандықтардың өмір салты өзгерген, дейді сарапшылар. Қазіргі таңда жастар жоғары білім алуға, карьера құруға, қаржылық тұрақтылыққа көбірек мән береді. Сәйкесінше отбасын құру жасы да ұлғайып келеді. Соның алдарынан бала туу мерзімі кейінге шегеріледі.
Алайда бұл құбылыс тек Қазақстанға тән болып отырған жоқ. Әлемнің көптеген елі осындай кезеңнен өтіп жатыр. Сарапшылар мұны «демографиялық өтпелі кезең» деп атайды. Урбанизация күшейген сайын, әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі артқан сайын және бала тәрбиесіне кететін шығын көбейген сайын отбасылардағы бала саны азаяды.
Бірақ Қазақстанның жағдайын Еуропамен немесе Шығыс Азия елдерімен салыстыруға келмейді. Өйткені елімізде туу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, Қазақстанда бір әйелге шаққанда шамамен үш бала дүниеге келеді екен. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Сондықтан бүгінгі мәселе «Қазақстанда мүлде бала тумай қойды» деген сөз емес. Мәселе бұрынғыдай көп бала тумауында.
Статистикадағы тағы бір қызық жайт – ауыл мен қала арасындағы айырмашылық.
Әдетте ауылдық жерлерде бала көп туады деген түсінік бар. Бірақ соңғы деректер ауылдағы көрсеткіштің жылдам төмендеп жатқанын аңғартады. Биыл ауылдық жерлерде туған балалар саны бір жыл ішінде 7,2 пайызға азайған. Ал қалалардағы төмендеу 2,3 пайызды құраған. Бұл ауылдың демографиялық артықшылығы біртіндеп әлсіреп келе жатқанын көрсетеді.
Себебі де түсінікті. Жастардың басым бөлігі аудан орталықтарына, қалаларға жаппай көшіп жатыр. Ал жастар кеткен жерде бала саны да азаяды.
Енді өңірлер бойынша зерделесек.
Қазір дәстүр бойынша Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Осы жылдың алғашқы тоқсанында бұл өңірде 10,4 мың сәби дүниеге келген. Кейінгі орындарда Алматы қаласы, Шымкент, Алматы облысы және Астана тұр.
Алайда жоғары көрсеткіш көрсетіп отырған өңірлердің өзінде бала туудың төмендеуі байқалады. Мәселен, Түркістан облысында бір жыл ішінде туған балалар саны 800-ге азайған. Бұл республикадағы ең үлкен төмендеу.
Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан.
Бұл нені білдіреді?
Бұл бұрын халық саны қарқынды өсіп келген оңтүстік өңірлердің өзінде демографиялық өзгеріс басталғанын көрсетеді. Ал ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелген.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында әр мың тұрғынға шаққанда 8,39 бала дүниеге келеді. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш 19,75-ке тең. Яғни айырмашылық екі еседен асады.
Мұндай жағдайдың астарында тек туу көрсеткіші ғана тұрған жоқ. Бұл өңірлерде жастардың қалаға қоныс аударуы, халықтың қартаюы, жұмыс орындарының тапшылығы сияқты мәселелер бар, дейді сарапшылар.
Бүгін туған бала – ертеңгі оқушы, ары қарай студент, болашақ маман. Егер белгілі бір өңірде жастар азайса, уақыт өте мектептердегі оқушы саны қысқарады. Кейбір ауылдар босап қалады. Еңбек нарығында маман тапшылығы пайда болады. Сондықтан демография – болашақтың статистикасы, дейді сарапшылар.
Қазақстан әзірге демографиялық дағдарысқа ұшыраған жоқ. Бірақ бүгінгі көрсеткіштер мемлекет үшін маңызды белгі болуы тиіс. Ендігі міндет тек бала туу санын арттыру емес, жас отбасыларға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Өйткені бала туу туралы шешімді мемлекет емес, отбасы қабылдайды. Ал отбасының таңдауына ең алдымен оның ертеңгі күнге деген сенімі әсер етеді.