Маманның айтуынша, терезеден құлағандардың басым бөлігі – мектеп жасына дейінгі балалар
Күн жылынған сәттен бастап биік қабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлап жарақаттанғанын, тіпті көз жұмғанын есіп жатамыз. Әрбір осындай оқиғадан кейін қоғам қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігін талқылайды. Алайда арада уақыт өткен соң мәселе қайта ұмыт қалып, келесі қайғылы жағдайға дейін ысырылатындай. Себебі араға кемі бір апта не ай салып бірнеше қабатты үйден баланың құлап, жарақат алғанын, не мерт болғанын біліп жатамыз, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әдетте мұндай оқиғалар көктемнің алғашқы айларынан бастап көбейеді, дейді Астана қаласының балалар хирургі Динат Көжекенов. Себебі сол сәттен бастап сыртта күн жылынғанымен, үйлердегі жылу бірден өшірілмейді. Пәтер іші қапырық болған соң тұрғындар терезені жиі аша бастайды. Дәл осы кезде қауіп те күшейеді екен.
Маманның айтуынша, терезеден құлағандардың басым бөлігі – мектеп жасына дейінгі балалар. Әсіресе екі мен төрт жас аралығындағы бүлдіршіндер жиі зардап шегеді.
«Мұның себебін түсіну қиын емес. Бұл жастағы бала әлемді танып-білуге құмар келеді. Ол орындыққа шығып көреді, терезеге жақындайды, сыртқа үңіледі. Бірақ биіктің қандай қатер екенін әлі түсіне бермейді. Ал ата-аналар көбіне қауіптің дәл қасында тұрғанын байқамай қалады. Көпшілік арасында қалыптасқан тағы бір жаңсақ түсінік бар. Көбі маса торын қорғаныш құралы санайды. Алайда бұл өте қауіпті қателік. Өйткені масаға қарсы орнатылатын торлар өте әлсіз. Бекіткіштері сынып кетуі мүмкін. Соның салдарынан балалар тормен бірге төмен құлап жатады», – дейді Динат Көжекенов.
Шын мәнінде, терезеден құлаған балалардың оқиғаларын сараласаңыз, бір көрініс қайта-қайта қайталана береді. Бала терезеге жақындайды. Торды қабырғадай көреді. Оған сүйенеді. Келесі сәтте тор да, бала да төменге құлап кетеді.
Мұндайда көп ата-ана тағы бір нәрсеге алданып жатады. Олар қауіптің деңгейін қабат санымен өлшейді. «Екінші қабат қой», «үшінші қабаттан аса биік емес» деп ойлайды. Бірақ медицинада мұндай түсінік жоқ, екенін ескертті маман.
«Екінші қабаттан құлап, көз жұмған балалар да болған. Сондықтан төмен қабаттан құлау қауіпсіз деп айтуға болмайды. Мәселе қай қабаттан құлағанында емес. Мәселе баланың қалай құлағанында. Біреуі басымен түседі, біреуі арқасымен, енді бірі ішкі ағзаларын зақымдайды. Сондықтан кейде биіктен құлаған бала аман қалса, кей жағдайда төмен қабаттан құлаған баланың жағдайы ауыр болуы мүмкін», – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, терезеден құлаған бала көбіне бір ғана жарақат алмайды. Қол-аяқ сүйектерінің сынуы, омыртқа жарақаты, бас сүйегінің сынуы, ми шайқалуы, ішкі ағзалардың зақымдануы қатар кездесуі мүмкін.
Осындай жағдайда бір ғана дәрігердің көмегі жеткіліксіз. Баланы нейрохирург, травматолог, реаниматолог, хирург, офтальмолог секілді бірнеше маман қатар қарайды. Бұл да мұндай жарақаттардың қаншалықты ауыр екенін аңғартады.
Ең қиыны – қауіпті жарақаттың бәрі бірден байқала бермейді. Кейде бала сөйлеп тұрады, жылайды, ата-анасын таниды. Сырт көзге жағдайы қалыпты сияқты көрінеді. Бірақ бірнеше сағаттан кейін ішкі қан кету немесе бас миының ауыр жарақаты анықталуы мүмкін.
«Кез келген жарақат, кез келген зақым өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайларда жеңіл жарақат деген ұғымға сенуге болмайды. Сондықтан терезеден құлаған баланы үйде бақылап көру немесе өз бетінше емдеуге тырысу үлкен қателік. Кей ата-аналар уақыт жоғалтып, халық емшілеріне немесе медициналық білімі жоқ адамдарға жүгінеді. Ал мұндай кезде әр минуттың өзі маңызды. Жарақат жеңіл болып көрінсе де, терезеден құлаған әрбір балаға жедел жәрдем шақыру қажет», – дейді хирург.
Динат Көжекеновтың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың көпшілігін болдырмауға болады. Ол үшін күрделі техника да, қымбат құрылғы да қажет емес. Терезеге арнайы бекіткіш орнату, қорғаныш құралдарын пайдалану, баланы ашық терезесі бар бөлмеде қараусыз қалдырмау жеткілікті.
Кейде үлкендер қауіп алыстан келеді деп ойлайды. Шын мәнінде қауіп үйдің ішінде, ашық тұрған терезенің дәл жанында тұруы мүмкін. Сондықтан терезеден құлау мәселесін жаздың кезекті статистикасы ретінде емес, әр отбасының жеке жауапкершілігі ретінде қараған дұрыс, дейді маман.