«Әрбір іздеу жұмысының артында бір адамның тағдыры тұр»: Семейлік ерікті 8 жылдық еңбегі жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Қалада қайырымдылықтың басында жүрген көшбасшы еріктілер көп

Фото: жеке мұрағат

Қоғамда еріктілердің орны ерекше. Олар қиын жағдайда қалған жандарға қолдау көрсетіп, жақсылықтың жаршысы болып келеді. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде, жоғалған адамдарды іздеуде және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде волонтерлердің еңбегі зор. Семей қаласында да мұндай игі істерді жүйелі түрде атқарып жүрген еріктілер тобы бар. Солардың бірі – Lider.kz еріктілер қозғалысы. Бұл жанашырлар тобы Қазақстан бойынша жақсылықтың жаршысы болып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл ұйымның негізгі мақсаты – жоғалған адамдарды іздеуге көмектесу. Алайда олардың қызметі мұнымен ғана шектелмейді. Волонтерлер түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді.

Семей қаласындағы белсенді еріктілердің бірі – Әлия Рахымбаева. Ол Lider.kz командасының қатарында 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Өзінің айтуынша, еріктілер қатарына қосылу туралы шешіміне бір сәт те өкінбеген.

«Еріктілер тобының парақшасына кіріп, олардың қандай маңызды жұмыс атқаратынын көрдім. Содан кейін өз үлесімді қосқым келіп, өтініш беріп, командаға ендім», – дейді ол.

Әлия Рахымбаеваның сөзінше, еріктілік – жай ғана қоғамдық жұмыс емес, адамның ішкі жан дүниесінен туындайтын қажеттілік.

«Волонтер болу мен үшін маңызды, өйткені бұл – менің ішкі дүниемнің қалауы. Біздің қалада жоғалып жатқан адамдар да, көмекке мұқтаж отбасылар да аз емес. Біз қолдан келгенше барлығына көмектесуге тырысамыз», – дейді ерікті.

Бүгінде Lider.kz еріктілері жоғалған адамдарды іздеумен қатар, түрлі әлеуметтік және қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған мерекелік акциялардың орны ерекше.

«Семейде біз тек жоғалған адамдарды іздеумен ғана айналыспаймыз. Әртүрлі акциялар өткіземіз. Соның бірі – жаңа жылдық құттықтау шарасы. Аяз Ата мен Ақшақар болып, көпбалалы отбасыларды аралап, балаларға сыйлықтар табыстаймыз. Бұл игі дәстүрді жыл сайын қалдырмай келеміз», – дейді Әлия.

Сонымен қатар еріктілер мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек жинап, қажетті көмектерін көрсетеді. Дегенмен ұйым қызметіндегі басты бағыт – жоғалған адамдарды іздеу жұмысы болып қала береді.

Заманауи технологияларды пайдалану да іздестіру жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы мақсатта ұйым түрлі гранттық жобаларға қатысып, материалдық-техникалық базасын нығайтып келеді.

«Біз гранттарға қатысамыз. Осындай жобаларды ұтып алу үшін үлкен жұмыс жүргізіледі. Гранттардың арқасында командамызға дрон мен суасты дронын сатып алдық. Бұл іздестіру жұмысының сапасын арттыруға көмектесіп жатыр», – дейді ерікті.

Бұдан бөлек, Lider.kz командасы құтқару қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп рейдтерге қатысып, қауіпсіздік шараларын жүргізуге атсалысады.

«Біздің командамыздың 10-ға жуық мүшесі Төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлердің мобильді тобының құрамына кіреді. Жыл сайын біліктілікті арттыруға арналған семинарлар мен оқу-жаттығуларға қатысып, төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларымызды жетілдіреміз. Өрт сияқты төтенше оқиғалар кезінде де шет қалмаймыз. Зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттарды жеткізіп, қолдан келген көмегімізді көрсетеміз. Өйткені қиын жағдайда қалған адамдарға дер кезінде қолдау білдіру – еріктілердің басты міндеттерінің бірі», – дейді Әлия Рахымбаева.

Оның айтуынша, қоғамның, қаланың және тұтас елдің дамуына еріктілердің қосар үлесі зор. Себебі волонтерлік қозғалыс адамдар арасындағы жанашырлықты, жауапкершілікті және өзара көмекті нығайтады. Жылы жүректі еріктілер қиын сәтте қолдау көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен сенімнің артуына ықпал етеді. Сондықтан еріктілік – тек көмек көрсету емес, мейірімді әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды тетігі.