Қазақстанда қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты

Автор: Темірхан Айжан

1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді

Фото: Freepik

Мемлекет басшысы ЖИ мен цифрлық технологияларды медицинада қолданудың алғашқы нәтижелеріне назар аударды. Қазіргі күні диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды, әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл – заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды. Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты», - деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізуде.

«Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді», - деді ол.

Президент бұл бағыттағы жұмыстардың міндетті түрде жалғасатынын айтты.