Қазақстандықтар жеке деректерін қандай мемлекеттік орган сұратқанын бақылай алады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді

Фото: gov4c.kz

Қазақстанда азаматтардың цифрлық кеңістігіне қойылатын жаңа талаптар бекіді. Тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 10 маусымда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжатқа сәйкес, азаматтар өздерінің цифрлық кеңістігінде жеке деректерінің өзектілігін тексере алады, мемлекеттік қызметтерді алу тарихын көре алады, сондай-ақ маңызды оқиғалар мен операциялардың мәртебесі туралы push-хабарлама, SMS немесе электронды пошта арқылы ескерту алады.

Сонымен қатар, азаматтар хабарландырулар мен қауіпсіздік параметрлерін өз бетінше басқара алады. Электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) ашық кілт сертификатын кері қайтарып алу функциясы да қарастырылған.

Жаңа талаптардың маңызды тұстарының бірі – азаматтың деректері цифрлық үкімет жүйелерінен сұратылған жағдайда бұл туралы ақпарат оның цифрлық кеңістігінде тіркелуі тиіс. Яғни қазақстандықтар өз мәліметтерін қай орган немесе жүйе пайдаланғанын бақылауға мүмкіндік алады.

Бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.