«Адамды тобырға айналдырудың оңай жолы…»: неге бүгін кітап оқу бұрынғыдан да маңызды

Автор: Бақыт Шынар

«Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Дана Бақтығалиеваның көлемді сұхбаты шықты

Фото: скриншот

Қазақ: «Білекті бірді, білімді мыңды жығады», - дейді. Сан ғасыр өткенмен, халық даналығы өзектілігін бүгін де жойған жоқ. Әрине, мемлекеттің қуатын табиғи байлығы мен өндірістік әлеуетінен бөліп қарау мүмкін емес. Бірақ, сол мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыратын басты күш – білімді, ойлай алатын, ізденімпаз адам. Бұл туралы «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Дана Бақтығалиева подкаста кеңінен айтып берген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Шынында да,  соңғы жылдары кітап оқу мәселесі тек мәдениет немесе білім саласының тақырыбы болудан қалды. Бұл – ұлттың келешегімен тікелей байланысты мәселе.

Биыл Мемлекет басшысы «Оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, бұл бағыттың маңызын мемлекеттік деңгейде айқындап берді.

Жаңа технологиялар дамыған заманда кітапты ешкімге күштеп оқыта алмайтынымыз анық. Нағыз оқырман қызығушылық пен ішкі сұраныстан қалыптасады.

Бұл туралы сіздердің назарларыңызға ұсынылатын сұқбатта: «Адамды тобырға айналдырудың оңай жолы – кітаптан алыстату», - деп жақсы айтылған.

Бұл жерде әңгіме кітаптың өзінде емес. Адамның ойлау қабілетінде. Кітап оқитын адам кез келген ақпаратты ой елегінен өткізеді. Салыстырады, саралайды, өз пайымын қалыптастырады.

Сондықтан кітап оқу – уақыт өткізудің немесе білім толықтырудың ғана құралы емес. Бұл – саналы азамат қалыптастырудың жолы.

Қарағанды өңірінде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған бастамалардың дәстүрі ежелден қалыптасқан. Бұған дейін де академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің студенттері арасында интеллектуалдық сайыстар, оқырман әулеттер арасындағы байқаулар өткізіліп келді. Мұның бәрі өңірде белгілі бір деңгейде мәдени орта қалыптасқанын айғақтайды.

Былтыр басталып, биылғы сәуір айында мәресіне жеткен “Кітап оқитын ұлт” жобасы осы бастамалардың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Жоба алғаш рет оқушыларды, студенттерді, ұстаздарды, мемлекеттік қызметшілерді және тұтас отбасыларды ортақ мақсатқа жұмылдырды.

Жасыратыны жоқ, байқауға алғаш тіркелгендердің көбін миллион теңге көлеміндегі бас жүлде қызықтырды. Бірақ, уақыт өте келе қатысушылардың өзі жобаның шынайы құндылығы материалды құндылықтан әлдеқайда жоғары екенін түсіне бастады. Көпшілік үшін кітап оқу уақытша қызығушылық емес, күнделікті дағдыға айналды.

Ең бастысы – қатысушылардың білімге, ізденіске және өзін-өзі дамытуға деген көзқарасы өзгерді. Сондықтан бұл жоба уақыт өте келе жай ғана байқау шеңберінен шығып, қоғамдық қозғалысқа айналды деуге толық негіз бар.

Бүгінде Қарағанды облысының тәжірибесі өзге өңірлердің де қызығушылығын тудырып отыр. Өйткені, кез келген бастаманың табысы қағаздағы жоспармен емес, адам өміріндегі нақты өзгеріспен өлшенеді. Ал кітаптың адамды өзгерте алатын күші әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Бәлкім, бүгін бізге «жылына қанша кітап оқыдың?» деген сұрақтан гөрі, «оқыған кітабың сені қаншалықты өзгертті?» деген сұрақ маңыздырақ шығар. Өйткені, кітап оқитын ұлт дегеніміз ең алдымен - ойын жүйелей білетін ұлт. Ал сыни ойлай білетін ұлтты адастыру қиын. Парасат-пайымы жоғары ұлттың таңдауы да, талғамы да биік болады. Бәсекеге қабілеті артады.

Қоғамды кітап құтқара ала ма? Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін.

«Кітап оқитын ұлт» жобасын пилоттық форматта жүзеге асырған Қарағанды облысының тәжірибесіне зер салайық.