Бүгін, 14 маусымда әлем бойынша Дүниежүзілік қан доноры күні өтіп жатыр
Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам азамат қан доноры атанады. Донорлардың саны бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары алдыңғы орында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Бұл ірі қалаларда халық саны көп, сәйкесінше, қан мен донорға деген сұраныс та көп.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада қан мен оның компоненттерінің 255 255 донациясы тіркелді. Бұл көрсеткіш азаматтардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қан қызметінің тұрақты дамуын айғақтайды. Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерекше. Олар – қан мен оның компоненттерін 50 реттен астам тапсырған азаматтар. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесінің маңызы орасан зор», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Айта кетейік, бүгін Донор күніне орай кейбір ұжымдар жаппай қан тапсырған.