«Енді студенттер нан-тоқашын заңды түрде сата алады»: Аймағамбетов тың жаңалық айтып, жастардан сүйінші сұрады

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, бұл мәселе заңмен шешімін тауып отыр

Фото: партияның баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Кәсіпкерлік кодекске енгізген авторлық  түзетуі ресми түрде қабылданғанын айтып, жастардан сүйінші сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Колледждеріміз, жалпы білім беру жүйесі үшін тамаша жаңалық бар. Біз тағы бір қисынсыз бюрократиялық кедергіні жойдық. Кәсіпкерлік кодекске енгізген авторлық түзетуіміз ресми түрде қабылданды», - деп жазған депутат негізгі мәселенің түп-тамырын түсіндірді.

Яғни, депутат бұл өзгеріске не түрткі болғанын былай түсіндірді:

«Мәселе неде еді? Болашақ наубайшыларды, тігіншілерді, ұсталарды немесе дәнекерлеушілерді даярлайтын колледжді көз алдыңызға елестетіңізші. Өндірістік практика кезінде студенттер нан пісіреді, киім тігеді, жиһаз жасайды. Колледж материалдардың шығынын жабу және студенттерге нарықпен жұмыс істеудің шынайы тәжірибесін беру үшін осы өнімдерді сата алса, логикаға сай болар еді ғой. Біз кезінде Үкіметте жұмыс істеп жүргенде «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізіп, оларға осындай құқық берілуіне қол жеткізген болатынбыз. Бірақ өңірлердегі монополияға қарсы органдар бұл норманы әртүрлі түсінді: «Нан немесе жиһаз нарығында бәсекелестік жоғары, сіздерге ол жаққа кіруге болмайды», - деп жиі бас тартатын. Осылайша тығырыққа тірейтін жағдай туындады: мамандыққа баулуға болады, ал студенттердің практикада өз қолымен жасаған еңбегінің нәтижесін сатуға болмайды», - деп жазды депутат.

Енді мәжіліс депутаттары енгізген түзетудің арқасында студенттер өз қолынан шыққан өнімді ресми түрде сата алады. Осылайша, 

  1. Колледждер студенттердің қолынан шыққан нан-тоқаш, тоқыма, ағаш және басқа да бұйымдарды ешқандай қағазбастылықсыз, заңды түрде сата алады.
  2. Оқу орындары өз мұқтаждықтарына және келесі практикаларға қажетті шикізат сатып алуға қосымша қаражат табу мүмкіндігіне ие болады.

«Айтылды-орындалды», - деп жазды депутат.