Қазір жұмыс істеп тұрған жинағыш тоғанды құрғату жұмыстары аяқталып, жерасты тазарту құрылысының құрылысы басталды
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Жастар» ықшам ауданындағы тазарту құрылғысы құрылысының басталу барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қала активімен өткен жиында жауын-шашындық кәріз жүйелерінің құрылысы бойынша жұмыстың қарқынын күшейтуді тапсырған болатын. Жаңа құрылыстардың қуаты 40 мың текше метрді құрайды, бұл нөсер канализациясының өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді: бөгетсіз жинауды, жерүсті ағындарын бұруды және тазартуды қамтамасыз етеді.
Қазір жұмыс істеп тұрған жинағыш тоғанды құрғату жұмыстары аяқталып, жерасты тазарту құрылысының құрылысы басталды. Бұл тазарту құрылыстары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев және Республика даңғылдарының су басуын болдырмауға мүмкіндік береді. Тазалау құрылысы жер астында орналасқандықтан, құрылыс алаңының үсті абаттандырылып, саябақ орнату қарастырылған. Құрылысты 2021 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда елорданың жауын-шашындық кәріздік жүйесі 14 тазарту құрылғыдан, 3 жинақтағыш тоғаннан тұрады.