Қазақ дәрігерлері әйелдерді босандыруға қатысты білімін үйреткен
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жетекші мамандардан құралған делегациясы Тәжікстан Республикасының босандыру қызметін көрсететін медициналық ұйымдарында бірқатар оқыту іс-шаралары мен практикалық тренингтер өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Оқыту барысында акушерлік-гинекологиялық көмекті ұйымдастыру, жаңа туған нәрестелерді күтіп-баптау, балаларға шұғыл және реанимациялық көмек көрсету, амбулаториялық педиатрияны дамыту, неонаталдық хирургия, медициналық генетика, сондай-ақ ана мен нәресте өлімін төмендетудің заманауи тәсілдері мәселелері қарастырылды.
Жұмыс сапары шеңберінде қазақстандық мамандар Тәжікстан Республикасының Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми-зерттеу институтында, Бохтар қаласының перинаталдық орталығында, «Истиклол» денсаулық кешенінде, «Шифобахш» ұлттық медициналық орталығында, сондай-ақ босандыру, неонаталдық, амбулаториялық-емханалық, хирургиялық және анестезиологиялық көмек көрсететін Тәжікстанның медициналық-әлеуметтік институтында болды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы жаңа туған нәрестелер патологиясы, реанимация және қарқынды терапия, қабылдау және балалар бөлімшелерінде аралау жұмыстарын жүргізіп, консультациялық және әдістемелік көмек көрсетті. Сонымен қатар күрделі клиникалық жағдайларға талдау жасалып, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне арналған мастер-кластар өткен.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар клиникалық хаттамаларды жетілдіру, баланың ерте дамуы бағдарламаларын дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетудің заманауи стандарттарын енгізу бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде келісімге келді.