Бұл – аймақтағы осындай алғашқы операция
Шымкент қалалық көпбейінді онкологиялық орталығының дәрігерлері ұйқы бездің қатерлі ісігі бар пациенттерге лапароскопиялық панкреатодуоденалды операцияны сәтті жасап, аяқтады.Бұл онкохирургиядағы ең күрделі әрі жоғары технологиялық хирургиялық араласулардың бірі болып саналады және Шымкентте бұндай операция бұрын-соңды жасалмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірде жаңа әдісті енгізу мақсатында Шымкентке Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медицина орталығының тәжірибелі онкохирургтері келіп, жергілікті мамандарға арналған мастер-класс өткізді.
«Лапароскопиялық панкреатодуоденалды операцияның ерекшелігі – дәстүрлі үлкен тілік жасалмайды. Хирургтер арнайы лапароскопиялық жабдықтың көмегімен адамның денесінен бірнеше шағын тесік жасап, операция жүргізеді. Мұндай тәсіл ісікті барынша дәл әрі қауіпсіз алып тастауға, операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға және пациенттердің тезірек сауығуына мүмкіндік береді», - деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Мастер-класс шеңберінде ұйқыбезі мен оған жақын орналасқан ағзалардың қатерлі ісіктері бар үш пациентке лапароскопиялық операция жасалды.