Жеңіс Қасымбек Астанада жүкті әйелдердің көбейгеніне қуанып, босандыру қызметін одан сайын дамытпақ

Автор: Бақыт Шынар

Әкім қалада жаңа екі перзентхана саламын дейді

Фото: facebook.com/jenis.qasymbek

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада босанатын әйелдердің саны 35 пайыз көбейгенін айтып, жуырда қалада екі жаңа перзентхана салынатынын хабарлады. Әкімнің мәліметіне сүйенсек, нысанның бірі 2027 жылы ашылады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қасымбектің айтуынша, жалпы, қазір қалада көпбейінді аурухана, заманауи 8 емхана және 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясын қосқанда, 11 ғимарат салынып жатыр.

«Негізгі міндеттердің бірі – акушерлік және босандыру қызметтерін дамыту. Соңғы он жылда елордада босану көрсеткіші 35 пайыз өсті. Осыған байланысты жаңадан екі перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылдадық. Нысандардың бірін 2027 жылы аяқтаймыз», - деп уәде етті әкім.

Бұдан басқа, халқы тығыз орналасқан Сарыарқа ауданында 300 адамға арналған көпбейінді аурухана салынады.

«Сол сияқты «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын жаңа емхана жұмысын бастады. Бұдан бөлек, Телман елді мекенінде емхана құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы тағы екі ірі емхананың, сондай-ақ Өндіріс елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», - деп жазған әкім жеке парақшасына.