«Аяғы ауыр қарындасына күштеп қосады»: Қазақстан сүймеген қызына үйленуге мәжбүр жігіттердің де құқығын қорғайтын болды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев мәлім етті

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Бүгін Мәжілісте «Сталкинг пен некеге мәжбүрлеудің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда баяндама жасаған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Некеге мәжбүрлеу» туралы заң тек әйелдердің емес, ерлердің де құқығын қорғайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ластаев өз баяндамасында «некеге мәжбүрлеу және сталкин мәселелері өзекті және маңызды» екенін еске салды. Оның айтуынша, қыз алып қашқандар мен некеге мәжбүрлегендерді жазалау туралы бастаманы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл 2023 жылдан бері айтқан. 2023-2024 жылдары Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Түркіменстан қыз алып қашуға қатысты нормаларды заңмен бекіткен дейді ол. Бірақ, Ластаев бұл елдерден қарағанда Қазақстанның қабылдаған нормалары тек әйелдердің емес, амалы жоқтығынан сүймеген қыздарына үйленетін ерлердің де құқығын қорғайды дейді.

«Осы норманы біз де заңмен реттеу үшін мемлекеттік органдармен бірге тиісті түзетулерді дайындай бастаған едік. Үлкен жұмыстың нәтижесінде былтыр мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске енген түзетулерді қабылдап, некеге мәжбүрлеу туралы жауапкершілік көздейтін заңға қол қойды. Солай бола тұра, біздің заңның көрші елдер қабылдаған заңнан ерекшелігі – кешенді шаралары. Біз қыз алып қашқандарды ғана жазалап қоймай, некеге мәжбүрлеудің басқа да формаларына жаза енгіздік, ол – зорлық-зомбылықпен қорқыту, мүлкін қирату, бопсалау. Тіпті, біз қыз алып қашу аясынан шығып, әйелдерді ғана емес, ерлерді де некеге мәжбүрлейтіндерді жазалаймыз. Мысалы, жоспарсыз аяғы ауыр болған қыздың ағалары мен туыстары баланың болжамды әкесіне күш көрсетіп, оны үйлендіреді», - деді Ластаев.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірінше, жігітті мәжбүрлеп, үйлендіретіндерді жазалау – дұрыс шешім.

«Бұл – халықаралық стандарттарға сай, гендерлік теңдікті сақтайтын дұрыс қадам деп ойлаймыз. Одан басқа, жынысына қарай дискриминациялауды жойып, мемлекеттің адам құқықтарын қорғайтынын көрсетеді», - дейді Ластаев.