Бұл талап заңмен бекіп отыр
Енді Қазақстанда зейнет жасына толып, шетелге тұрақты тұруға кеткен адамдар азаматтығын өзгертпесе, мемлекеттен базалық және негізгі зейнетақысын ала алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратура мәлімдеп отырғандай, 2026 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан азаматтарының шетелге тұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі жөнінде №79-НҚ нормативтік қаулыны қабылдады.
Бұған дейін тұрақты түрде шетелде тұруға көшіп кеткен адам мемлекеттік базалық зейнетақы мен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін ала алмайтын. Бұнымен келіспеген азамат Конституциялық сотқа арызданып, даулаған.
«Конституциялық бақылау органы зейнетақымен қамсыздандыру, ең алдымен, азаматтың тұрғылықты жерімен емес, зейнет жасына жетуімен және заңда көзделген талаптарға байланысты екенін атап көрсетті. Сондықтан, Конституциялық Сот заңда көзделген өзге де талаптар сақталған жағдайда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру талабы азаматтарға қолданылмайды деген қорытындыға келді», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Яғни, енді Қазақстанда зейнет жасына жеткен, шетелге тұрақты тұрып жатқан, бірақ, Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған адам мемлекеттен базалық зейнетақы мен жасына байланысты төлейтін зейнетақысын ала алады.