Бүгін, 09:58
Қоғам

«Жақын досқа» айналады»: полиция Қазақстандағы балаларға қауіпті «онлайн-груминг» туралы ақпарат таратты (ВИДЕО)

Қазір балалармен онлайн танысып, оған қауіп төндіретін ересектер көбейген

Қазақстанның ішкі істер министрлігі интернет арқылы балалармен танысып, оларға қауіп төндіретін онлайн-груминг тәсілі туралы ескерту таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция түсіндіріп отырғандай, онлайн-груминг дегеніміз – бұл қаскөйлердің интернет арқылы балалармен сенімді қарым-қатынас орнату үшін қолданатын қауіпті тәсілі.

«Әдетте, арам ойы бар ересек адам балалармен әлеуметтік желі, мессенджер, онлайн ойын немесе интернет-платформалар арқылы өзімен жасты бала ретінде танысады. Ол баланың «жақын досына» айналуға тырысып, күнде хат жазады, ерекше көңіл бөледі, оның жеке өміріне, ішкі уайымдарына қызығушылық танытады. Кейінірек ол жеке сипаттағы сұрақтар қойып, күн тәртібін, тұрғылықты жерін, араласатын ортасын және басқа да мәліметтерді білуге тырысады. Одан соң қаскөй фотосуреттер мен бейнежазбалар жіберуді немесе жеке тақырыптардағы әңгімелерге көшуді сұрайды. Сонымен қатар мұндай әңгімелердің қалыпты жағдай екенін айтып, хат алмасу туралы ешкімге айтпауды талап етуі немесе психологиялық қысым көрсетуі мүмкін», - деп хабарлайды полицияның сайты.

Сондықтан, полиция ата-ана мен балаларға ескерту жасап, жасөспірімдерге:

  • өзі танымайтын адаммен сөйлеспеуді
  • жеке деректерді, тұрғылықты мекенжайды, телефон нөмірін, оқу орнын және басқа да құпия ақпаратты жарияламауды;
  • бейтаныс адамға өз фотосуретің мен видеолардың жібермеуді;
  • интимдік сипаттағы сұрақтар қойса немесе хат алмасуды құпия сақтауды сұраса, онымен сөйлесуді бірден тоқтатуды ескертеді.