Енді жеткіліктілік шегі анағұрлым нақты әдістеме бойынша есептеледі
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінің қайта қаралуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл шешімнің себептерін түсіндіріп, өзгерістер болашақ зейнетақы төлемдерін қорғауға бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді жеткіліктілік шегі анағұрлым нақты әдістеме бойынша есептеледі.
Жаңа тәсіл азаматтың қазіргі жасын ғана емес, зейнетке шыққанға дейінгі кезеңді, болашақтағы зейнетақы төлемдерін, инвестициялық табысты және ұзақ мерзімді қаржылық көрсеткіштерді де ескереді.
Ведомство өкілдері жеткіліктілік шегі соңғы үш жыл бойы қайта қаралмағанын атап өтті.
Министрліктің пікірінше, зейнетақы жинағы ең алдымен азаматтардың қартайған шақтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.
«Зейнетақы қаражаты бірінші кезекте болашақ зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі керек. Бүгін жинақты пайдалану ертеңгі төлем көлемінің азаюына әсер етуі мүмкін», – деп мәлімдеді министрлік.
Осыған байланысты жеткіліктілік шегін жаңарту қазақстандықтардың ұзақ мерзімді мүддесін қорғауға бағытталғаны айтылды.
Жинақты тұрғын үй мен емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталады
Шектердің өзгеруіне қарамастан, азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсау құқығы сақталады.
Сондай-ақ зейнеткерлерге қатысты қолданыстағы тәртіп өзгермейді. Егер зейнеткердің зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40%-ын өтейтін болса, ол өз жинағының 50%-ына дейінгі бөлігін пайдалана алады.
Айта кетейік, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шектерін жариялаған болатын. Қайта есептеу нәтижесінде көптеген жас санаттары бойынша қажетті жинақ көлемі артты. Соның салдарынан мерзімінен бұрын пайдалануға болатын қаражат мөлшері азайды.