Түнгі қалада жарысып, сағатына 219 шақырым жылдамдықпен адам өлтіретіндерге рақымшылық жасамау керек – Әбенов

Автор: Темірхан Айжан

Депутат әл-Фараби даңғылындағы ауыр апатты еске алды 

Фото: скриншот

Елімізде ауыр зардаптарға әкеп соққан жол-көлік оқиғалары үшін қылмыстық жауапкершілік күшейуі мүмкін. Түнгі жарыстар ұйымдастыратын, рөлге мас күйінде отырып, адамдардың өліміне немесе ауыр жарақат алуына себепкер болатын жүргізушілер рақымшылыққа ілінбеуі тиіс. Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұрат Әбенов көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбеновтің айтуынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар бар жол-көлік оқиғалары бойынша сотталған кейбір азаматтардың рақымшылыққа ілінуі ерекше алаңдатып отыр.

«Біз бұл заң жобасын, сөзсіз, қолдаймыз. Алайда рақымшылық туралы құжат келіп түскенде, мен амнистияға ілінетіндердің тізіміне Қылмыстық кодекстің зардап шеккендер мен қаза тапқандар бар жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілікті көздейтін 345-бабы енгеніне назар аудардым. Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған резонансты апаттар аясында бұл мәселе ерекше алаңдатады. Қаладағы түнгі жарыс кезінде жүргізуші сағатына 219 шақырым жылдамдықпен қозғалып, салдарынан үш бірдей жас жігіт қаза тапқан оқиға естеріңізде шығар. Өкінішке қарай, дәл осы 345-баптың бірінші және екінші бөліктері рақымшылыққа ілініп тұр», – деді Әбенов.

Осыған байланысты депутат мұндай қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті қатайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Мұрат Әбеновтің пікірінше, егер жүргізуші ереже бұзудың зардабын алдын ала біле тұра әрекет етсе, жаза да соған сай болуы керек. Жүргізушілер қала орталығында 250 км/сағ жылдамдықпен шауып немесе рөлге мас күйінде отырып, өз әрекетінің салдарын іштей сезінеді. Мұндай құқық бұзушылықтарды «ауыр қылмыстар» санатына ауыстыру қажет. Бұл азаматтарды жауапкершілікті тереңірек сезінуге мәжбүр етеді. Кінәлілер тек кешірім сұрап, өтемақы төлеумен құтылып кетпеуі тиіс, себебі олар өзгелердің өміріне тікелей қауіп төндіреді.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселенің мемлекеттік органдардың назарында екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Әділет министрлігінің алаңында ведомствоаралық жұмыс тобы аясында тиісті жұмыстар басталып кеткен.

«Шын мәнінде, біз жұмыс тобында да, бейінді комитетте де ауқымды бірлескен жұмыс жүргіздік. Әдеттегідей, ортақ әрі ұтымды шешімге келе алдық. Құқық қолдану тәжірибесіне келетін болсақ, 345-баптың нормаларын ажырата білу керек. Бұл жерде сөз алкогольдік немесе есірткіге мас күйі сияқты саралау белгілерісіз жасалған жол-көлік оқиғалары туралы болып отыр», – деп түсіндірді вице-министр.

Санжар Әділов бұған дейін де Парламент қабырғасында Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша елеулі өзгерістер қабылданып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін жаңа қылмыс құрамы енгенін еске салды. Ал депутат көтерген 345-баптың 1-ші және 2-ші бөліктеріне қатысты мәселе алдағы уақытта депутаттық корпуспен бірлесе отырып мұқият пысықталады.