Бүгін, 08:27
Қоғам

«Арзан тур» сан соқтырды: 100-ден астам Ақтөбе тұрғыны турфирмаға алданып қалған

Полиция алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, шығын көлемі 60 млн теңгеден асуы мүмкін

«Арзан тур» сан соқтырды: 100-ден астам Ақтөбе тұрғыны турфирмаға алданып қалған
Фото: istockphoto.com

Ақтөбедегі туристік компанияға қатысты дау ушығып барады. Елдің әр өңірінен ондаған адам шетелдегі демалысының сәтсіз аяқталғанын айтып, турфирманы алаяқтыққа айыптап отыр,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Клиенттердің айтуынша, компания шетелге арзан бағамен тур ұсынып, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жасаған. Алайда жолдама ақшасы төленгеннен кейін көп ұзамай турлар тоқтатылып, компания өкілдері байланысқа шықпай қалған.

Алматы тұрғыны Гаухар Маратқызы наурыз айында Маврикий мен Үндістанға тур үшін алдын ала төлем жасағанын айтады.

«400 мың теңге алдын ала төлем жібердім. Ұшардан бірнеше күн бұрын адам саны жетпегенін айтып, турдың болмайтынын хабарлады», – дейді ол.

Ал шетелде жүрген туристердің жағдайы одан да күрделі болған. Олардың сөзінше, елге қайтар кезде кері билеттердің барлық жолаушыға рәсімделмегені белгілі болған.

«Екі баламен және үлкен кісілермен Қытайдың Чэнду қаласында түнгі үште қалып қойдық. Үйге қалай қайтатынымызды білмедік. Кейін 14 адамның тек бесеуіне ғана билет алынғанын айтты», – дейді Ақниет Нұрмұхамедова.

Туристік компания директоры Еркебұлан Аймұратұлы алаяқтық туралы айыптауларды жоққа шығарып, болған жағдайды техникалық ақаумен байланыстырды.

Оның айтуынша, 11 мамыр күні компанияның WhatsApp пен Instagram желілеріндегі аккаунттары бір уақытта істен шыққан. Соның салдарынан кей клиенттер менеджерлермен байланыса алмаған.

«Қазір клиенттердің ақшасын қайтарып жатырмыз. Кейбіріне толық, кейбіріне жартылай төлем жасалды», – деді компания басшысы.

Соған қарамастан зардап шеккендер құқық қорғау органдарына арыз жазуды жалғастырып жатыр. Олардың мәліметінше, жәбірленушілер саны 100 адамнан асуы мүмкін. Ал келтірілген шығын көлемі 60 миллион теңгеден жоғары деп бағаланып отыр.

Даудан кейін компания атауын өзгерткен, бірақ жұмысын тоқтатпаған.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған факі бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Түскен арыздардың барлығы тіркелген.

Қазір ресми түрде 20-ға жуық арыз қабылданған. Алайда шағымданушылар саны күн сайын артып келеді. Клиенттер тек ақшасын қайтарып қана қоймай, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.