Салюттың ұшқындары кей үйлердің балкондарына дейін жеткен
Астана қаласында тұрғын үй кешенінің ауласына келіп түн ортасында отшашу атып, сол арқылы достарын туған күнімен құттықтаған жастардың әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Салютты атқан сәтті сол үйдің тұрғыны видеоға түсіріп алған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Видео авторының айтуынша, бірнеше жігіт досын туған күнімен құттықтау үшін түнгі сағат 00:00-де отшашу ұйымдастырған. Жзаба авторы салюттің ұшқындары тұрғын үйлер жаққа қарай шашырап, балкондарға дейін жеткенін де атап өтті.
«Бір адамның туған күні үшін жүздеген тұрғынның тыныштығын бұзудың қажеті жоқ еді. Мұндай әрекет тәрбиенің емес, өзгені сыйламаудың белгісі. Оның үстіне салют ұшқындары үйлерге қарай ұшып, бөтен адамдардың мүлкіне қауіп төндірді. Өз қызығын өзгеге қолайсыздық тудырмай тойлауды үйрену керек», – деп жазды ол.
Аталған жазбаның астына пікірлерін жазған тұрғындардың кейбірі қатты дыбыстан 3-4 айлық сәбилерінің шошып оянып, ұзақ уақыт ұйықтай алмағанын да жазған. Кейбіреуі отшашудан үй жануарларының үркіп кеткенін айтқан. Тағы бір желі қолданушысы отшашудан шыққан қатты дыбыс тіпті ауруханаларға да жеткенін жазды.
«Операциядан кейін ауруханада жатқан едім. Мұнда ауыр хәлдегі науқастар көп. Кейбіріне ұйықтататын дәрі егеді. Соған қарамастан біреулер түнде салют атып, қасында екі аурухана тұрғанын ескермеген сияқты. Отшашу шамамен төрт минутқа созылды», – деп жазды желі қолданушысы.
Сондай-ақ жазба астына пікір қалдырған жанның бірі мұндай жағдайлардың сирек кездеспейтінін атап өтті. Одан бөлек кей тұрғын үй кешендерінде аптасына бірнеше рет түн жарымында келіп, қатты музыка қосып, туған күн иелерін құттықтайтындар көбейген. Бұл да көп адамның ұйқысын «төрт бөліп», тыныш демалуға кедергі келтіретін көрінеді.
Біздің осы тақырып төңірегіндегі бірнеше сұрағымызға жауап берген заңгер Арыс Данағатов бұл іс-әрекеттерді көп адам заң бұзуға баламауы мүмкін дейді. Оның айтуынша, түнгі уақытта музыка қосып, салют атып немесе түрлі шоу ұйымдастырып, туған күн тойлау «жақсы ниеттен туған әрекет» болғанымен, бұл жауапкершіліктен босатпайды. Өйткені заң адамның ниетін емес, оның әрекетінің салдарын бағалайтыны анық. Арыс Данағатов өз сұхбатында түнде тұрғындардың тыныштығын бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылғанын заң тілінде айтып берді.
– Арыс мырза, қоғамдық орында, соның ішінде тұрғын үйдің ауласында отшашу шашатын, түнде қатты музыка қосып, туған күн тойлау заң бойынша қандай баптағы заң бұзуға жатады?
– Мұндай әрекеттер бірнеше құқық бұзудың құрамына кіруі мүмкін. Түнгі уақытта қатты музыка қойып, тұрғындардың тыныштығын бұзу Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 437-бабымен қаралады. Ал пиротехникалық бұйымдарды рұқсаты жоқ жерде пайдалану 436-бапқа жатады.
– Тыныштықты бұзғаны үшін қандай жаза қарастырылған?
– Заң бойынша сағат 22:00-ден кейін (демалыс күндері 23:00-ден кейін) тыныштықты бұзған жеке тұлғаға 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Құқық бұзу қайталанса, айыппұл 10 АЕК-ке дейін өседі. Тәжірибеде полиция алғаш рет ескертумен шектелетін жағдайлар кездеседі. Алайда тұрғындардың шағымы ресми тіркелсе, әкімшілік жауапкершілік мәселесі қаралады.
– Салютті кез келген жерде атуға бола ма?
– Жоқ. Елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды арнайы рұқсат етілмеген жерде пайдалану үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Бұдан бөлек, пиротехникалық заттар тәркіленеді. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі артады.
– Егер салют салдарынан біреудің мүлкі бүлінсе немесе адам зардап шексе, қандай жаза береді?
– Ондай жағдайда жауапкершілік күшейеді. Материалдық шығын толық өтелуі тиіс. Ал адамның денсаулығына зиян келсе, мәселе қылмыстық жауапкершілік шеңберінде қаралуы ықтимал.
– Мұндай жағдайда тұрғындар қайда шағымдануы тиіс?
– Ең алдымен 102 нөміріне хабарласу қажет. Егер мүлікке зиян келсе, азаматтық талап қоюға болады. Фото, видео сияқты дәлелдер мен куәгерлердің мәліметтері істі қарау кезінде маңызды рөл атқарады.
– Жауаптарыңызға рахмет!
Айта кетейік, біз осы мәселеге қатысты бірқатар ресми органның жауабы мен позициясын біліп, қосымша материал ұсынамыз.