Кей депутаттың «Штрафстан» және «Айыппұлстан» деген теңеулері Тоқаевтың да құлағына жеткен

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы президент бүгін мәлім етті

Фото: istockphoto.com / Nurlan Tastanbekov

Бүгін Алатау қаласын дамытуға қатысты кеңес өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» құндылығының түпкі мағынасына тоқтала, өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, Керісінше, заңды құрметтеген адам ең алдымен жауапкершілігі мықты азамат деген сөз. Яғни, президент азаматтар омаңызды дүниені дұрыс түсінсе дейді.

Президенттің ең қынжылғаны – заң мен тәртіп қағидатын «мазақ ететіндердің» арасында заң шығарушы органда, яғни, Парламентте жүрген депутаттар да бар.  

«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек», - деді ойын айтқан Тоқаев.