«Біз тұлғаларды тәрбиелейміз»: өнер мен ғылым ошағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ашылғанына 15 жыл толды
Жазғы демалыста «Балалықтың бойтұмары» атты академия өз жұмысын бастайды
Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ашылғанына биыл 15 жыл толды. 2011 жылы есігін айқара ашқан орталық бүгінде мыңдаған астаналық баланың екінші үйіне, талантын шыңдайтын үлкен өнер мен ғылым ошағына айналды. Ғимарат іші жыл өткен сайын жаңа технологиямен толығып, заман ағымына сай үйірмелер ашылып келеді. Мұнда келген бала өзін ғарышкер, ғалым, танымал өнерпаз сезіне алады. Сарайда заманауи зертханалар, жұлдызды аспанды бақылауға арналған обсерватория және 3D-технологиялармен жабдықталған зәулім планетарий жұмыс істеп тұр. Жас таланттардың өнерін шыңдауға арналған 400 орындық драма театры мен 300 орындық зәулім концерт залы бар. Оған қоса, заманауи медиаорталық, кітапқұмарларға арналған оқу залдары, ғарыш ғылымдары сыныбы мен Әл-Фараби атындағы ақпараттық-виртуалды орталық балалардың игілігіне жұмыс істейді. Ғимаратта қысқы бақ, 264 орындық форум зал, жеңіл атлетика және баскетбол залдары, күрес пен тенниспен айналысуға арналған залдар, халықтық, спорттық-балдық және қазіргі заманғы би сабақтарына арналған залдар, қазақ халық аспаптары оркестріне арналған кабинеттер, театр, хор студиялары, көркем галерея, мұз айдыны және жүзу бассейні бар. Балалар мемлекеттік тапсырыс аясында тегін және ақылы түрде білімін шыңдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқушылар сарайының директоры Раушан Кушибаеваның айтуынша, орталықтың басты миссиясы – баланың бойындағы жасырын жатқан талантын ашып, өзіне сенімін арттыру.
«Біздің ең басты мақсатымыз - Астананың әрбір баласы өз қабілетін шыңдай алатын ерекше орта қалыптастыру. Оларды қоғамға бейімдеп, сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге баулимыз. Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген сөзін ту етіп, болашақ көшбасшыларды тәрбиелеп шығаруды көздейміз»,- деді Раушан Кушибаева.
Оқушылар сарайының ұстаздары мен шәкірттері жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, қала мен ел абыройын асқақтатып келеді. Әсіресе, өткен оқу жылы спортшылар үшін олжалы болды.
«Жеңіл атлетикадан өткен халықаралық дүбірлі додаларда оқушыларымыз Серікұлы Нұртас алтыннан алқа тағынса, Омарова Саида қола жүлдені қанжығасына байлады. Павлодар төрінде жасөспірімдер арасында өткен хоккейден Қазақстан Республикасының чемпионатында «Тастүлек» командасы қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Алматы қаласында ашихара каратэден өткен республикалық дода да жас спортшылар үшін триумфқа айналды. Оқушылар Құдайберген Әлинур, Досова Амели және Илянин Григорий қарсыластарын шаң қаптырып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді», - деді директор.

Елордалық ата-аналар мен балалар арасында сұранысқа ие үйірмелердің бірі-бассейнде жүзу. Орталықтың жүзу секциясына келушілердің қарасы тым көп, бассейн мүмкіндігінше максималды жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Спорттың өзге түрлеріне де қызығушылық жоғары екенін айта кеткен жөн.
«Өнер мен мәдениет бағытына келсек, қазақтың домбырасын үйренушілер мен хореография үйірмелеріне жазылатындар саны жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта балалардың шахматқа деген қызығушылығы ерекше оянған. Шет тілдерін меңгеруге деген талпыныс та өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қосымша білім берудің мектептен басты айырмашылығы - бала бұл жерге баға алу үшін емес, жүрек қалауымен келеді. Балалардың осындай шығармашылық еркіндігіне таяуда өткен «AI-BALA» медиафестивалі жарқын дәлел бола алады. Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Жас журналистер» байқауының марапаттау рәсімі Оқушылар сарайында өтті. Биылғы конкурсқа қатысушылар 11 номинация бойынша 300-ден астам шығармашылық жұмыс ұсынды. Олардың қатарында «Мақала», «Сұхбат», «Видеосюжет», «Подкаст», «Фоторепортаж» бен «Мектеп блогы» сияқты заманауи бағыттар бар. Шара соңында үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге салтанатты түрде марапаттар табысталды», - деді мекеме басшысы.
Раушан Кушибаеваның пайымдауынша, Оқушылар сарайының түлегі өмірге толық дайын тұлға болып қалыптасады. Өйткені мұнда бала өз арманын іске асыруды үйренеді. Сәтсіздіктер кездескенде мойымауды, қателіктен сабақ алуды, достарымен бірлесіп үлкен істерді атқаруды меңгереді. Осылайша қалыптасқан ішкі жігер мен икемділіктің арқасында болашақ азаматтар өмірдегі жолын адаспай табады.

«Бас шаһар жылдам өсіп, келетін балалар саны ай сайын еселеніп отыр. Әрине, бұл Оқушылар сарайына түсетін салмақты да арттырады. Осы мәселені қала басшылығы тікелей назарына алып отыр. Жүктемені азайту мақсатында елорданың түкпір-түкпірінде жаңа заманауи оқушылар сарайлары салынып, қолданысқа беріліп жатыр. Тағы бір өзекті мәселе -логистика. Шеткеріде тұратын отбасылар үшін баланы қала орталығына тасу оңай емес. Сондықтан қазір шалғай аудандарда арнайы комьюнити-орталықтар ашылып жатыр», - деді ол.
Оқу жылы аяқталғанымен, Оқушылар сарайында өмір тоқтап қалмайды. Жазғы демалыста мұнда «Балалықтың бойтұмары» атты үлкен жазғы академия өз жұмысын бастайды. Балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін бірнеше бағыттағы лагерьлер ұйымдастырылған. Олар шығармашылық пен ойын-сауыққа бейімделген дәстүрлі жалпы дамытушы лагерь, болашақ бағдарламашылар мен робототехниктер үшін мамандандырылған IT-лагерь, жас спортшылар үшін футбол лагері, шешендік өнер мен сыни ойлауды дамыту үшін дебат лагерілері.

Сонымен бірге үйірмелер мен секцияларға жыл бойы келіп жүрген ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да «Шексіз ғажайып әлем» атты жазғы демалысты жыл сайын ұйымдастырып отырмыз. Сарай басшылығы жазғы демалыста балалар тоқырап қалмауы керек деп есептейді.
Раушан Кушибаева Оқушылар сарайының ұжымына, ата-аналар мен балаларға алдағы жазғы демалысқа арнап жылы лебізін білдірді.
«Біздің сүйікті оқушыларымыздың таудай талабына, талпынысына рахмет. Біз сіздермен мақтанамыз. Құрметті ұстаздар, сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жетістікке жетіп жатырмыз. Ал ата-аналарға бізге артқан сенімі мен қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бәріңізге керемет жазғы демалыс тілеймін! Жақсылап демалып, күш жинап келіңіздер. Сіздерді жаңа маусымда Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында асыға күтеміз», - деді ол.
Оқушылар сарайы жаңа оқу жылында балаларды бұдан да қызықты бағдарламалармен қарсы алуға қазірден дайындықты бастап кетті.