Елордада мобильді бригадалар қалай жұмыс істейді?

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде Нұр-Сұлтанда 200-ге жуық мобильді бригада бар

Фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтанда мобильді бригадалар пневмония және коронавирус инфекциясы бар науқастарға көмек көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі covid19.astana.kz сайты. 

№ 2 қалалық емхана директоры Ләззат Руспекованың айтуынша, емхана базасында 290 науқас емделіп шыққан. Бүгінде 135 адам медициналық көмек алуда, оның 53-і сауығу кезеңінде.

«Дәл осындай науқастар үшін мобильді топтар қажет. Біз оларды тегін дәрі-дәрмектермен, соның ішінде антибиотиктермен қамтамасыз етеміз. Үйде олар қажетті емін система түрінде алады. Мобильді топтың дәрігері оларға үш күнде бір рет барады, жағдайын тексереді. Қанның оттегімен қанығу деңгейін, температурасын өлшейді», – дейді Ләззат Руспекова.

Сонымен қатар дәрігерлер мұндай науқастарға Damumed қосымшасы арқылы қоңырау шалып, жағдайын біліп отырады. Барлық науқастар қашықтан сатурация мен термометрияның қандай екенін анықтайтын пультометрмен қамтамасыз етілген.

Емхана басшысы сондай-ақ, өткен аптадан бастап оларға мобильді бригадаларға өз көліктерін ұсынатын еріктілер келгенін атап өтті. Мұндай жұмыстар Нұр-Сұлтан әкімдігінің қатысуымен де ұйымдастырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айынан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен, коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарға көмек көрсету үшін мобильді бригадалар құрылған. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 200-ге жуық мобильді бригада жұмыс істейді. Бригада бес мың тұрғынға бір мобильді топ есебімен құрылды.