Жаңа формула: қазақстандықтар зейнетақы қорынан қанша ақша «шешетінін» маусым айында біледі

Автор: Бақыт Шынар

Бектенов тиісті Қаулыға қол қойды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Премьер-министр Олжас Бектенов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ипотека немесе емделу үшін алуға болатын шекті соманың жаңа ережесіне қатысты қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Қаулы қордағы «артық ақшаны» есептеудің жаңа формуласын ұсынып отыр. Формулада әзірге сандар жоқ, бірақ, бұрынғы есептеу үлгісі толық өзгерді деуге болады. Мәселен, жаңа формула қордағы ақшаның кірісін, инфляция мен адамның өмір сүру ұзақтығын қоса есептейді.

Бұл формулаға сай, ақша БЖЗҚ-да жатса, жылына 9% табыс әкеледі деп есептеледі. Инфляциялық өсімге келсек, болашақ зейнетақы жыл сайын 8% өсіп отыруы тиіс. Ал, өмір сүру ұзақтығы БҰҰ-ның болжамды кестесі бойынша Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің орташа өмір сүру жасын есептейді.

Жалпы, үкімет қаулысы ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді, ал БЖЗҚ жаңа сандарды ол күшіне енген бойда 3 жұмыс күні ішінде жариялауы керек.

Яғни, қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинағынан қанша ақша ала алатынын маусым айының басында біледі деген сөз.