«Қатерлі ісікті емдейді»: Үкімет Алатау қаласында дәрі-дәрмек шығаратын жаңа зауыт салатын болды

Автор: Бақыт Шынар

Зауыттың құны 32.5 млрд, ал, өзі 5 жылдан кейін салынып бітеді

Фото: istockphoto.com

Үкімет Алматы облысында жалпы құны 32,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт құрылысының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, зауыт 5 жыл бойы салынып, 2031 жылы аяқталады. 2032 жылы жұмысын бастайтын зауыт тек 2034 жылы ғана толық қуатта жұмысын бастайды деген жоспар бар.

«Фармацевтикалық зауыт дәрілік препараттың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Алматы облысында салынатын бұл зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандықтарды сапалы әрі өмірлік маңызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі болмақ.