Марқұм 49 жаста еді
Ақтаудағы «Қасиет» клиникасына барып, иегіндегі артық майын алдырмақ болған мәслихаттың 49 жастағы депутаты Ербол Айтуов көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, бұл қайғылы оқиға биыл 4 сәуір күні болған. Клиникадағы наркоздан кейін ер адамның жағдайы күрт нашарлап кеткен.
«Криминалды Қазақстан» телеграмм-арнасының мәліметіне сүйенсек, оның қанындағы қарт мөлшері көбейіп, қан қысымы көтеріліп кеткен. Соның салдарынан инсульт алған. Бір ай ауыр хәлде жатқан ол беті бері қарамай, көз жұмды.
Жақындарының арызынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі клиниканы жоспардан тыс тексеріп, клиниканың операция жасайтын блогында құрал-жабдықтар аз екенін, біраз жабдық әбден тозғанын анықтаған. Сондай-ақ клиникада анафилактикалық шокқа қарсы дәрі-дәрмек болмаған.
«Сондай-ақ, клиниканың ересектер мен балаларға анестезия салуға қажетті лицензиясы болмаған. Ал, операцияға алар кезде марқұмнан толық талдау алынбаған», - деп жазады дереккөз.
Осы тексерудің қорытындысы қазір прокуратураның қолында жатыр. Ашық дереккөздерде Ербол Айтуов Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты екені жазылған. Естеріңізге сала кетейік, жуырда Алматыдағы клиникалардың бірінде кәсіпкер, блогер Сәуле Базархан көз жұмған еді. Клиника дәрігерлері жоспарлы липосакция операция жасау үшін марқұмға наркоз еккен. Күндіз клиникада көз жұмған әйелдің өлімін жақындары тек кешкі сағат 18.00-де естіген.